Шымкентте өзіне қол жұмсаған полицияның баспасөз хатшысы мәлімдеме жасады

0

Биыл сәуір айының басында «Басшылықтан қысым көргенін» мәлімдеп, ізінше өз-өзіне қол салып, аурухананың жан сақтау бөліміне түскен Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мөлдір Бекеева өзіне байланысты қозғалған қылмыстық істі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бақылауға алуын сұрап, Facebook парақшасына жазба қалдырды.

Оның жазуынша, ауруханадан шыққанымен ішкі ағзасына қатты зақым келген. Өзіне қол жұмсамай тұрып Шымкент қалалық полиция департаменті басшысы Қайрат Дәлбековтен қысым көріп, қудаланғанын қайта жазған ол әлі де істің әділ жүретініне сенбейді.

«Тергеу амалдарының жүріп жатқанына қарамай істің ақ-қарасы анықталмай жатып Ішкі істер министрлігі айтқандарымды жоққа шығарды. Ондағы жауаптар шындыққа жанаспайды» дейді ол. Ішкі істер министрлігіне сенбейтінін, іске бас прокурор араласып, президенттің бақылауға алуын сұрады.

«Қазір өзіммен өзге туыстарымның да қауіпсіздігіне шын алаңдаймын, қорқамын» деді ол Азаттыққа.

Бекееваның ауруханадан шығып, қосымша ем қабылдап жатқанын қалалық денсаулық сақтау басқармасы растады.

Шымкент қалалық полиция департаменті тергеу барысында Бекеева мен оның үстінен арыз жазған полиция қызметкерінің арасындағы жанжал «Билік өкілін қорлау» (378-бап) бабымен тіркелгенімен кейін «Қорлау» (130-бап) бабына жататыны анықталғанын, іс сотта азаматтық тәртіппен қаралатынын жеткізді. Қазір Бекеева ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасы басшысы қызметінде, денсаулығына байланысты демалыста жүр.

Мөлді Бекеева өз-өзіне қол жұмсағаннан кейін «Өзіне қол жұмсауға итермелеу» бабымен іс қозғалған. Істі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қалалық департаменті тергеп жатыр.

6 сәуірге қараған түні Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мөлдір Бекееваның «өзіне қол жұмсап» реанимацияға түскені белгілі болған. Бекеева қол салмастан бұрын өзінің Facebook парақшасында жазба қалдырған. Онда үстінен Қылмыстық кодекстің «Билік өкілін қорлау» (378-бап) бабымен іс қозғалған соң жұмыстан кетуге мәжбүр болғанын жазған. Ол басшылықты өзіне «қысым жасады» деп айыптап, қылмыстық істі соның көрінісі деп бағалаған.

29 наурыз күні кешке Facebook желісінде қарамағындағы қызметкерге дөрекі, бейәдеп сөйлеген әйел адамның аудиожазбасы мен бірге Бекееваның суреті де жарияланған еді. Бекееваға қылмыстық істің қозғалуына осы оқиға түрткі болған. Бұған дейін Бекеева аудиожазбадағы дауыс өзінікі екенін жоққа шығарып, «оны қызметіне байланысты жасалған қастандық» деп атаған.