Шымкентте оқушылар аяқ астынан жағымсыз иістен уланып қалып, 45 адам ауруханаға түсті — Қазақстан жаңалықтары
Шымкентте мектеп оқушылары уланып, ауруханаға түсті. Әзірге, дәрігерлердің көмегіне жүгінгендер саны 45-ке жеткен. Олардың арасында 3-пен 7-ші сынып шәкірттері мен мұғалім және сол маңда тұратын тұрғындар да бар. Оқыс оқиғадан мыңға жуық адам эвакуацияланған. Оқыс оқиға кеше түс ауа әуежай маңында болған.
Жағымсыз иісті алғаш болып, сол жақтағы 54-ші мектептің оқушылары сезіпті. Даладағы денешынықтыру сабағында олар өздерін жайсыз сезініп, лоқси бастаған. Ізінше дәл осындай жағдай, үшінші қабатта отырған балаларға да әсер ете бастапты. Сөйтіп мектеп әкімшілігі бірден барлық шәкіртті сыртқа шығаруға пәрмен берген, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».
«Қатты бір иіс болды. Жүректі айнытты, бас айналды. Құсқымыз келді. Енді өздеріңіз ойлаңыздар, түс қайта төрттің кезі сабаққа келіп қойған балалар, қарны аша бастаған. Сол әсер етті ме балалар сәл ауырды», — дейді мектеп директоры Ұлған Мамешова.
Мектеп басшысының сөзінше, алғашқы кезде иіс мектептен шығуы мүмкін деген болжаммен барлық ұжымды эвакуация жасатқан. Сол кезде ұзын саны 800-дей оқушы мен 200-ге жуық қызметкер болыпты. Алғашқы кезде 22 адамды жедел жәрдем ауруханаға алып кеткен. Оның 20-сы шәкірттер екен.
«Ол науқастардың барлығы «табиғи газбен уланудың жеңіл дәрежесі» деген диагноз қойылды. Науқастардың барлығы қанағаттанарлық жағдайда үйлеріне жіберілді», — дейді облыстық жоғары қысымды оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермағанбетова.
Ауруханаға бас-аяғы 45 адам түсіпті. Төртеуі ересек, қалғаны 3 пен 7-ші сынып оқушылары екен. Солардың арасында Карима Икрамованың он бір жастағы қызы да бар. Отанасы болған жәйттен хабарым жоқ, тек, қызым аман болсын, дейді.
«Қызымның өңі қашып, түрі сұрланып кетіпті. Басы мен іші ауырып жатқанын айтты. Дереу айран ішкіздім. Дәрігерлер оның тыныс жолдарын тазалап, екпе салды. Қазір, беті енді бері қарады», — дейді оқушының анасы Карима Икрамова.
Дегенмен, өткір иістің ауаға таралуына қатысты еліміздің Бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеде таратып үлгерді. Оның сөзінше, адамдардың жаппай улануына сол маңдағы табиғи газ қондырғысы себеп екен.
«Біздің мамандарымыз тексерген кезде газ қызметінің жұмыскерлері осы газдың шығуын жөндеді. Қазіргі таңда, осы подстансаның аумағында ешқандай газ жоқ», — дейді Бекшин.
Осы күні мектепте тек мұғалімдер ғана жүр. Қалалық білім басқармасы басшысының бұйрығымен сабақ бір күнге, яғни, бүгінге уақытша тоқтатылған. Қазір, сынып бөлмелерінің барлығы бос тұр.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
stan.kz