Шымкентте оқушы әкесінен қыз туды: сәби басқа біреуден болып шықты

0

Шымкентте туған әкесінен жүкті болып, қыз босанды деген мектеп оқушысы жайында енді басқаша мәліметтер шығып жатыр. Қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Тәжиеваның айтуынша, оқушының жасы 15-те емес 17-де көрінеді. Оның үстіне өз әкесінен жүкті болды деген әңгіме жалған болып шыққан екен. Алайда бойжеткеннің кімнен жүкті болып қалғаны белгісіз. Туыстары полицияға шағым түсірмегендіктен, іс жарты жолда қысқарып кетіпті.

«Шындығына келгенде, ол — 11-сыныптың оқушысы. Қыздың жасы 17-де болған. Өздеріңіз білесіздер, 16 жасқа дейінгі жүктілік ерте жүктілікке жатады. Қыздың жасы 17-ге келген. Құзырлы органдардан сұрадық, ата-анасының немесе басқа да жақтардан ешқандай арыздар келіп түспеген», — дейді қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.

Сондай-ақ, қаланың бас педагогы бұл жағдайдың ақпан айында болғанын айтты. Шәкіртінің аяғы ауыр екенін сезген ұстаздар оны кешкі мектепке ауыстырыпты. Қазіргі таңда нәресте қыздың анасының қамқорлығында екен.