Шымкентте ондаған оқушы иіс тиіп, ауруханаға түсті

0

18 наурызда Шымкенттегі №54 мектепте 34 оқушы иістен уланып, ауруханаға жеткізілген. Бұл туралы Азаттыққа Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Оқиға болғанын қалалық білім басқармасы да растады.

Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, иіс тиіп уланғандар арасында бір мұғалім мен бір техникалық қызметкер де бар.

«24 адам дәрігерлер көмегінен кейін үйлеріне қайтты. 12 адам әлі ауруханада жатыр. Иіс тиіп, уланғандар саны өсуі мүмкін» деді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нақымқызы.

Мектептен мыңға жуық адам эвакуацияланған.

Оқиғаға қатысты тексеру жүріп жатыр. Иістің қайдан шыққаны әзірге белгісіз. Білім басқармасының хабарлауынша, мектепте газ болмаған және жылу құрылғылары тоқтатылған. Төтенше жағдайлар департаментінің алдын ала болжамы бойынша, иіс мектеп аумағына сырттан келуі мүмкін.

Азаттық