Шымкентте мас адам екі баласын газ баллонмен жармақ болған

0

Шымкентте ішімдік ішкен ер адам екі баласын бөлмеге қамапа, газ баллонын жарып жібермек болған. Мұндай қадамға ол отбасындағы кикілжіңнен кейін барғанын айтқан.

Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, келеңсіз жағдай бүгін күндіз сағат 15.45-те болған. Учаскелік полицияның «101» пультіне Еңбекші ауданының Айнатас тұрғын үй алабының тұрғыны өз-өзіне қол жұмсағысы келетінін хабарлаған.

Оқиға орнына келген өрт сөндірушілері 42 жастағы үй иесінің мас күйде суицид жасамақ болғанын анықтаған. Ол отбасылық жанжалдан кейін 50 литр газ баллонын ашып, 4 және 8 жастағы екі баланы бөлмеге қалдырған. Кез-келген минутта жарылыс болу қауіпі туған.

Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамынан 5 адам мен апаттар медицинасы орталығы филиалының арнайы бригадасы тартылған. Жағдайдың барлық қауіптілігін түсіне отырып, №7 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Ербол Небесаев пен аға өрт сөндіруші азаматтық қорғау сержанты А.Юлдашев жедел әрекет еткен.

Ол өзге қызметкерлермен бірге бөлмеге жүгіріп кіріп, газ баллонының кранын жапқан. Баллонды далаға шығарып, балаларды қауіпсіз жерге эвакуациялаған. «Апаттар медицинасы орталығы филиалының бригадасы балалардың жағдайын қарап шығып, медициналық көмек қажет еместігін анықтаған.

Олар анасымен бірге үйінде қалды. Ал, үй иесін Еңбекші ауданының полиция қызметкерлері алып кетті» делінген хабарламада.

inform.kz