Шымкентте лифтінің ішінде әйелді қатыгездікпен өлтіріп кетті
Шымкент полициясы бейнекамераға түсіп қалған күдіктіні ізін суытпай ұстайды
НҰР-СҰЛТАН, 13 мамыр – Sputnik. Шымкентте көпқабатты үйдегі лифтіде әйел өлтірді деген күдікпен 48 жастағы ер адам ұсталды.
Жантүршігерлік қылмыс 11 мамырда сағат 17:00-де Тәуке-хан даңғылы бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің біріндегі лифтіде болды, деп хабарлайды жергілікті otyrar.kz порталы.
Кешқұрым әйел үйіне қайтып келе жатқан. Қаскөй оның сөмкесінде қомақты ақша мен алтын бұйымдар бар екенін білсе керек. Ол әйелмен бірге лифтіге кіреді. Қарақшы сөмкені тартып алмақ болғанда әйел қарсылық танытқан, бұған ашуланған күдікті марқұмды бірнеше жерден пышақтайды.
Тағы оқыңыз: Шымкентте 9 жасар қызға ойына келгенін істеген азғынға үкім шықты
Арам ойын жүзеге асырған күдікті сөмкені алып, таксиге отырып, оқиға орнынан табанын жалтыратқан. Ізін жасырмақ болған күдікті 3 рет такси ауыстырады. Ол айғақ заттардан тезірек құтылғысы келіп, қаладағы аудандардың бірінде әйелдің сөмкесін қоқыс жәшігіне лақтырып кеткен. Осы жерде ол бейнекамераға түсіп қалады.
«Күдікті әйелдің сөмкесінің ішінде жатқан ұялы телефонның көмегімен ұсталды. Байланыс операторының сигналы бойынша марқұм әйелдің телефоны қай жерде екені анықталды. Полиция қоқыс жәшіктерінің жанындағы камераның жазбасын зерттеп, такси жүргізушісін анықтайды, кейінірек қатыгездікпен адам өлтірген тұрғынды қолға түсірді», — деп хабарлады қалалық полициядағылар.
Күдіктінің бұрын сотталған 48 жастағы азамат екені белгілі болды.
sputniknews.kz