Шымкентте күйеуі алып-қашып кеткен бойжеткен үшінші қабаттан секіріп кеткен
Шымкентте жас бойжеткен үшінші қабаттан секіріп кетті. Арудың бұл әрекетіне отбасылық жанжал себепкер болған екен. Оқиғаның мән-жайын қорғаушы Еркін Қахаров өз Facebook парақшасында жариялаған деп хабарлайды NUR.KZ.
Қохаровтың айтуынша, қызды алып қашып кетіп, артынан қорлық көрсеткен. Оның сөзінше, соңғы айда жас жігіт үш рет үйленбек болған екен.
Қорғаушы қыздың үшінші қабаттан секіруіне күйеуі итермелегеніне сендіріп отыр. Осы тұрғыда NUR.KZ тілшісі Еркін Қохаровпен тілдесіп, оқиғаның мән-жайын анықтады.
«Мен барлығы заң жүзінде шешіледі деп үміттенемін. Бойжеткен маған жігітпен мейрамханада танысқанын айтты. Ол сонда даяшы болып жұмыс істепті. Ал жігітті көрген кезде мейрамханда «Тәтті шай» (күйеу жігіт пен қалыңдық жақ үйлену мәселесін қарастырады) өтіп жатқан екен.
Яғни, ол басқа қызға үйленуі керек болған, ал сол мезетте осы қызға көңілі ауған. Біршама уақыт өткен соң жігіт бойжеткенді алып қашып, келеке етіп жүріпті. Соның салдарынан, ару үшінші қабаттан секіріп кеткен екен. Бұл оқиғаны маған қыздың өзі айтып берді», — дейді Еркін Қохаров.
Қорғаушының сөзінше, қалыңдықты алып қашқан соң екі тарап келісімге келген. Алайда, бойжеткен жігіттің өте дөрекі екенін айтып, келіспей қойыпты.
«Маған айтқандай, ол терезеден құлағанда жігіт кетіп қалған. Артынша бойжеткенді ауруханаға апарыпты. Онда бойжеткенмен, тіпті, полицейлер де сөйлеспепті. Бұл сұрақты мен Шымкент қалалық Полиция департаментіне жолдаймын. Жігіт жақ қызбен келісім арқылы татуласуға тырысқан екен, алайда бойжеткен кешіруден бас тартқан», — дейді адвокат Еркін Қохаров.
Ал Шымкент полиция департаменті қазіргі уақытта жігіттің ұсталғанын, сот алды тергеу жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді.
«31 Қаңтарда 19 жастағы қыздың өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасау фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабына (адамды өзіне-өзі қол жұмсауға итермелеу немесе өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Күдікті анықталды және ұсталды. Ол әл-Фараби аудандық полиция бөлімшесіне жеткізілді. Онда оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. ҚР ҚПК 201 және ҚР ҚК 147-баптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеу мәліметтері жарияланбайды»,- деп түсіндірді Шымкент полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тілшімен сұхбаттасу барысында қорғаушы басқаларға ой салу үшін қоғам назарын аударғысы келгенін жеткізді.
Анықталғандай, қазір бойжеткен ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның жағдайының орташа екенін айтуда. Есін жинаған қыз ақ халаттылардың бақылауында. ол бас жарақатын алған.
Дереккөз: kaz.nur.kz