Шымкентте коронавирустан көз жұмған науқастың кім екені белгілі болды

0

Ер адам «Қарағанды-Новосібір» бағытымен жол жүріп бара жатқанда, ыстығы көтеріліп, дәрігерге жүгінген

НҰР-СҰЛТАН, 14 сәуір – Sputnik. Шымкентте қауіпті вирустан қайтыс болған 58 жастағы ер адам – ауыр жүк көлігінің жүргізушісі. 11 сәуірде қаланың жұқпалы аурулар ауруханасына түскен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратынша, науқас 14 сәуір таңғы сағат жетілер шамасында жансақтау бөлімінде қайтыс болды.

Ол Түркістан облысы Қазғұрт ауданы Рабат ауылының 1962 жылғы тұрғыны. 11 сәуірде Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған.

«Ауыр жүк көлігінің жүргізушісі транзитпен «Қарағанды-Новосібір» бағытымен жол жүріп бара жатқанда, ыстығы көтеріліп, дәрігер көмегіне жүгінген. 58 жастағы ер адам инфекциялық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. Денсаулығының нашарлауына байланысты жасанды тыныс алдырту аппаратына қосылған», — деп мәлімдеді әкімдіктен.

Науқас бұған дейін артериалдық гипертензия диагнозымен диспансерлік есепте тұрған.

Ер адаммен жақын байланыста болған ұлы Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасына оқшауланып, стационарға жатқызылды.



sputniknews.kz