Шымкентте коронавирустан көз жұмған дәрігерді пациенттер әлі күнге дейін іздеп келеді

0

Індет тарағалы Шымкентте 16 медицина маманы пневмониядан көз жұмды. Науқастарды емдеймін деп, өзі ажал құшқан дәрігердің бірі №1 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Ақзипа Тәжденова. Денсаулық сақтау саласының үздігі 33 жыл ғұмырын осы салаға арнапты.

Ақзипа Насырқызы 1962 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын емдеу ісі бойынша тамамдаған ол қаладағы №3, №1 емханаларында дәрігер терапевт, сосын терапия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Білікті маманды әлі де пациенттері іздеп келуде екен. 58 жасына қараған шағында мезгілсіз өмірден өткен Ақзипа Тәжденованың жаны таза, пейілі кең, мейірімді дәрігер болатын деп еске алады көз көргендер.

Гүлжан Мұсабекова, №1 қалалық емхананың сарапшы дәрігері:

-Ол кісі өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын тұғын. Жоғары дәрежелі дәрігер, білімді білікті маман қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын тұғын. Ұжым арасында беделді абыройлы кісі еді. Пандемия короновирус кезінде Ақзипа Насыровна бар ынтасын салып қызмет атқарды.

Коронавирус пандемиясы басталғалы жедел-жәрдем қызметінің жұмысы да қарбалас. Тек көлік ішіндегі бригада сапында енді Тимур Айдарханұлын көре алмайтынымыз өкінішті әрине. Түлкібас өңірінде туылған Айдарханның әкесі де зейнеткерлікке шыққанша аға фельдшер болып осында еңбек етіпті. Әке жолын қуған ол әрдайым жас мамандарға тәлімгер болып, тәжірибесімен бөлісуге құштар болатын.

 

«Тіпті алғашқы медициналық көмек көрсетудің деңгейін көтеруге атсалысып, халыққа сапалы қызмет көрсетуде аянбай еңбек етті» — дейді әріптестері.

Гүлбану Жапбар, қалалық жедел-жәрдем станциясының 4 бекет меңгерушісі:

-Тимурды айтатын болсам, ол өте өз ісіне шебер нағыз маман деуге болады. Өте сабырлы ақкөңіл жан болатын. Осы індеттің кесірінен қызметкеріміз қайтыс болып отыр. Біздің әрине бұл жанымызды жүрегімізді ауыртты. Мәңгі есімізде қалады бұл әріптесіміз.

Ақзипа Насырқызы мен Тимур Айдарханұлынан бөлек қалада 14 медицина маманы пневмония дертінен келместің кемесіне отырып кете барды. Олардың барлығы бейбіт күннің батырлары болатын. Әрқайсысының еңбегі ұшан-теңіз. Әлі де медицинаға бергенінен берері көп қызметкерлерді қала халқы да бүгін бір минут үнсіздікпен еске алды. Олар біздің мәңгі жүрегімізде дейді өзге ақ халаттылар.

24.kz