Шымкентте көп балалы аналар қоғамдық көлікте тегін жүре бастады
Шымкентте «Батыр ана», «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері қоғамдық көлікте тегін жүре бастады. Бұл туралы Азаттыққа қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасы хабарлады.
Басқарманың мәліметінше, қалада 27 көлік компаниясы бар. 23 көлік компаниясы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен келісім-шартқа отырып, 1 наурыздан бастап көп балалы аналарды тегін тасымалдай бастаған. Басқарма қалған төрт компаниямен келіссөз жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Қалалық қоғамдық көлікте тегін жүру үшін көп балалы аналар «Батыр ана», «Алтын алқа», «Күміс алқа» куәліктерінің түпнұсқасын көрсетуі тиіс.
15 ақпан күні қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов халық алдында берген жылдық есебінде 1 наурыздан бастап көп балалы аналар қоғамдық көлікте тегін жүретінін хабарлаған. Көп балалы аналарды тегін тасымалдаған автобус компанияларына бюджеттен субсидия бөлінетінін айтқан.
Әкім қалада 2 220 — «Алтын алқа», 6056 — «Күміс алқа», 511 — «Батыр ана» және 769 — «түрлі дәрежелі орденмен марапатталған көп балалы ана» бар екенін мәлімдеген.
Бұған дейін де қалада «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алған көп балалы аналар кейбір қоғамдық көліктерде тегін жүріп келген.