Шымкентте кәріз құдығында 3 жыл жатқан әйелдің мәйіті табылды (ВИДЕО)
Шымкентте кәріз құдығынан әйел адамның мәйіті табылды. Марқұмның денесін әлдекімдер көрпеге орап, әдейі осында жасырып кеткен. Ұзақ уақыт жатып қалғандықтан марқұмды тану мүмкін емес. Тек, үстінде жеңіл киімдері ғана болған. Қазір, полицейлер мәйітті сараптамаға жіберіп, жеке басын анықтауға кірісті. Бұл туралы «Еуразия бірінші» арнасы хабарлады.
Бұл жағдай Теріскей шағын ауданы тұрғындарын үрейлендіріп қойды. Мәйіт осындағы 46-ші көпқабатты тұрғын үйдің артындағы елеусіз шұңқырдан табылған. Шамасы күдікті бұл жерден ешкім жүре қоймайтынын біліп, әдейі жасырып кетуі мүмкін.
Тереңдігі 2 метр болатын шұңқырдың ішіне мәйітті көрпеге орап, тастап кеткен. Алдын ала болжам бойынша, әйел адамның денесі бұл жерде екі жылдан астам уақыт жатып қалған.
«Көрпені ашып көргенде, ішкі киімдері мен адам қаңқасы ғана шыққан. Қазір, осы іс бойынша Еңбекші аудандық полиция бөлімі «кісі өлтіру» бабымен тергеу амалдарын бастап кетті», – деді куәгерлер.
«Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, әйел азаматшаның өлімі сараптамасына дейін бір жылдан астам уақыт бұрын орын алған. Мәйіттің сүйек-қаңқаларында жарақаттар анықталмады. Қазіргі уақытта мәйіттің жеке басын анықтауға және қылмысты ашуға бағытталған барлық жедел ісшаралар жүргізілуде», – деді Шымкент полиция департаменті бастығының орынбасары Арман Мекенбаев.
Теріскей – қаладағы халқы тығыз қоныстанған шағын ауданның бірі. Мұнда көпқабатты тұрғын үйлер өте көп. Тәуліктік және ұзақ мерзімге пәтер жалдап тұратындар да жетерлік. Сондықтан, марқұм осы маңда уақытша пәтер жалдап тұрған болуы да мүмкін дейді тұрғындар.
Сондықтан, тәртіп сақшылары төңіректегі әрбір пәтерге бас сұғып, соңғы 2-3 жылда іс-түссіз жоғалып кеткендер туралы ақпарат іздестіріп жатыр. Әзірге, бұл маңайдан туысын жоғалтқан жандар табылған жоқ. Айта кетейік, марқұмның жасы шамамен 30-да, ал бойы 155-160 сантиметр ғана екен. Қазір, мәйіт сараптамаға жіберілген. Егер қандай да бір ақпарат білетін азаматтар болса, Шымкенттегі Еңбекші аудандық полиция бөліміне хабарласуына болады.