Шымкентте ХҚКО-на келгендер бетперде таппай шу шығарды — Қазақстан жаңалықтары

0

Шымкенттегі халыққа қызмет көрсету орталықтарында бетперде режиіміне ел қарсылық танытып, тіпті орталықтың есігін бұзуға сәл қалды. Короновирусқа байланысты орталық ішіне бетпердесіз кіруге тыйым салынып, келушілерден бет-аузын тұмшалауды талап еткен. Алайда құжатын рәсімдеуге келгендер дәріханадан бетперде таппай, не ішке кіре алмай пұшайман болдық деп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп хабарлайды. 

шымкент

«Мен қазір қайта кетіп, бетперде іздеп, сонда ертең келемін бе? Өте ыңғайсыз! Клиникаларда бахилла қойып жатыр, тура солай мына жерге қойса, сатып алар едік өз ақшамызға. Дұрыс па? Міне, бәрі тұр, қараңыз, кіре алмай тұр», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Наргиза Құрбанова.

Елдің айтуынша Шымкенттегі дәріханаларда бетперде табу мүмкін емес. Тапса д,а ең қарапайымы 150 мен 500 теңгенің арасында сатылып жатыр. Сондықтан халыққа қызмет көрсету орталығына келгендер бірі бетін қағаз майлықпен басып, бірі бетіне киімін бетперде етіп кірмекші болған. Тек есік алдындағы күзетшілер жолын бөгеді. Орталық мамандарының сөзінше, бүгін таңертең жиналғандарды 10-15 адамнан шақтап кіргізбекші болған. Алайда бұл ойларынан түк шықпапты. Сыртта қалғандар ентелеп ішке кіреміз деген соң, ол ойынан қайтып, бетперде талап етіп жатыр. Ал оны таппай сенделген ел сату нүктесін «осы жерге қойсын» деп талап етуде.

«Бұл немқұрайлы қарайтын нәрсе емес. Бәрі бетперде киюі тиіс, өзінің де, біздің де денсаулығымызға байланысты, біз баршадан бетперде талап етеміз», — дейді Абай аудандық ХҚКО бөлім басшысының орынбасары Нұржан Пілманов.

stan.kz