Шымкентте ереуілге шыққан жүргізуші: Шығарып жіберді бізді. КНБ-ға бірдемеге тапсырамын, мойныңа іліп жіберемін деді

0

Шымкентте автобус жүргізушілері мен кондукторлар бүгін жұмысқа шығудан бас тартты. Олар жалақысын көтеруді талап етіп, мекеме қожайынын тезге салуды сұрады. Наразы жұрттың сөзінше, автопарк иесі шындықты айтып, шырылдағандарды шетінен жұмыстан қуып жатыр екен, деп хабарлайды «Еуразия бірінші» арнасы.

Амалы таусылған азаматтар қала әкімінен көмек сұрауға мәжбүр болды. Ал бұл уақытта жұмысқа асыққан жолаушылар аялдамада сағаттап автобус күтіп тұр еді.

Таңмен бірге таласып, 14 бағыт бойынша жолға шығулары тиіс жүргізушілер бүгін жұмысқа шығудан бас тартты. Кондукторларды қосқанда, 200-дей автобустың 500-ден астам жүргізушісі автопарк аумағына жиналды. Бәрінің талабы ортақ: мардымсыз жалақыны көтеріп, жұмыста ыңғайлы жағдай жасап берсін дейді.

«250-300-дің жобасында қойса қанағат деп жұмыс істейміз. Билетін әкеп өткіземіз. Одан кейін тексеру. Билет тексереді ме, айыппұл салынады ма ол талаптарымен келісеміз», — деді жүргізуші Ғабит Ақшалов.

«Кешке келесің мына жерге, 25 000 теңге саған план дейді де қойып тұрады. 4-5 мың теңге әкел дейді кассадағы қыздар. Малсыңдар, ары тұрыңдар малға ұқсамай дейді бізге», — деді кондуктор Балжан Күтібаева.

Қала билігі 1 ақпаннан бастап, жолаушылар тасымалдау қызметіне жаңа өзгерістер енгізді. Жаңадан сатып алынған автобустарға терминал орнатып, «Төлем» жүйесін іске қосқан еді.Кондукторларды қысқартқан. Орнына контролер жұмыс істейді. Бұған дейін күнделікті жоспарды орындап, артығын табысқа айналдырып үйренген жүргізушілер енді жеңілдіктен қағылып отыр.

«15 мың теңге план еді. Кеше кешке қарай 20 мың теңге болды. Төлемің бар, басқаң бар, валидаторың бар оны кім не қылады?» — деді жүргізуші Ержан Тұрымбетов. 

Компанияға екі ай бұрын жаңа басшы келгелі ұжымда алауыздық басталды дейді жүргізушілер. Кеңседе отырып, қаржы жинаудың түрлі формалары енгізілгенін айтады. Жанар жағармай құюшыға мың теңге, көлік жуып бергені үшін екі мың теңге, кезексіз есеп қабылдағаны үшін тағы ақша беретініміз бар дейді. Қала берді, шындықты айтып шырылдағандарды шетінен жұмыстан қуып жатыр екен.

«Шығарып жіберді, бізді. Қорқытты жаңағыдай. Стаьямен қуамын деді. КНБ-ға бірдемеге тапсырамын, мойныңа іліп жіберемін деді. Менің кінәм жоқ», — деді бұрынғы автобус жүргізушісі Мақсат Иманқұлов.

200-дей автобустың бағытқа шықпай қойғаны жолаушыларға кәдімгідей әсер етті. Көпшілігі аялдамада ұзақ тұрып, жұмыстан кешігіп жатты. Бұл тірліктен хабардар болған қала әкімі оқиға орнына келіп, мәселені кешке шешіп беруге уәде етті. Өкпе-ренішті қойып, жұмысқа шығуға шақырды.

«Кешке сөйлесейік. Қазір, барайық та. Мен сіздерге айтайын, қала толып тұр. Халық кінәлі емес қой. Shymkent bus-тың иесімен сіздердің қарым-қатынастарыңызға халық кінәлі емес. Құрметті ағайын, бірақ өтініш! Кешке сөйлесеміз. Қазір, барып қызмет жасайық. Бәріміз халықтың қызметшісіміз. Келістік пе», — деді қала әкімі Марат Әйтенов.

Дәл осы компанияда бұған дейін де шу шыққан еді. Ол кезде қожайындары жұмысшылар алдындағы қарызын төлей алмай, мәселеге әкімдік араласқан болатын. Енді жұмыс берушілер еңбеккерлермен кешке дейін ортақ келісімге келмесе, қала әкімі автобустарды басқа компанияға беруі мүмкін.

Сондықтан, жүргізушілер өзара уағдаласып, кешке дейін тарқасты. Айта кетейін, Шымкентте былтыр қарашада енгізілген электронды төлем жүйесі Алматы мен Нұр-Сұлтанда бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл бастама ол жақта өз тиімділігін көрсеткен.