Шымкентте елуден астам әйел әкімнің шығуын талап етті
22 қаңтарда кешке қарай Шымкент қалалық әкімдігіне елуден астам әйел жиналып, әлеуметтік мәселелерін шешіп беруді талап етті. Олардың басты талаптары — 21 мың теңгелік жәрдемақыны қайтару, «көп балалы-аз балалы» деп бөлмей, отбасындағы әрбір балаға жәрдемақы төлеу, жәрдемақыны кешіктірмеу. Әйелдер «әкімдік өкілдері осы талаптарымызды парламент пен үкіметке жеткізсін» деді.
— Менің төрт балам бар. Көп балалы ана ретінде екі рет құжат тапсырғанмын. Бірақ 42 500 теңгені әлі алған жоқпын. Әлгінде құжаттарымды барып көрейінші десем, «құжат тапсырмаған» деп тұр. Ешкім түсіндірмейді. Бұған қоса, қазір egov сайтынан әлеуметтік көмек деген анықтаманы шығарып алдым. Онда мені 2019 жылы жәрдемақы алды деп көрсеткен. Мен былтыр қыркүйек айынан бастап алғанмын, ал ол жерде сәуірден бастап алды деп көрсеткен, — дейді жиналған әйелдердің бірі Әйгерім Кеңесова Азаттық тілшісіне.
Әйелдер қала әкімі Мұрат Әйтеновтің шығуын талап етті, бірақ әкімдік өкілдері оның Нұр-Сұлтанда екенін айтты. Бұдан соң әкімнің екі орынбасары шығып, әйелдерді фойеде қабылдай бастады.
— Былтыр біреу жәрдемақыны айдың басында алды, біреу ортасында алды, біреу соңына алды. Аяғына келгенде адамдар не алғанын таппай қалды. Сондықтан биыл соның бәрін бір жүйеге енгізіп жатыр. Әр айдың 5-іне дейін тағайындалады да 10-на дейін ақша түседі. Әлеуметтік пакеттің бәрі дайын тұрады, — деді жәрдемақы туралы сұрақтарға жауап берген әкімнің орынбасары Ербол Садыр.
Әйелдер «жаңа жылдан бері азық-түлік бағасы қымбаттады, бірақ неге жәрдемақы төмендеп жатыр» деп сұрақ қойды. Бірақ шенеуніктер нақты жауап берген жоқ. Әйелдер жәрдемақының мардымсыздығына да шағымданды.
2020 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) жаңа тәртіппен беріле бастады.
Жаңа ережеге сай, үкімет көп балалы отбасыларға табысына, әлеуметтік жағдайына қарамай ай сайын жәрдемақы төлейді. Енді билік төрт балаға — 42 496 теңге (бір балаға 10 500 теңге), бес балаға — 53127 теңге, алты балаға — 63 757 теңге, жеті және одан көп балаға 74 388 теңге береді. Ал 2019 жылдың 1 сәуірінен бері көп балалы және тұрмысы төмен отбасындағы әрбір балаға 21 мың теңге көлемінде қаражат беріліп келсе, енді биылдан бастап АӘК тек күнкөріс деңгейі мен кедейлік шегіне байланысты беріледі. Бірақ әйелдер арасында жаңа жүйеге қарсылар да бар.
Оқи отырыңыз: Әйелдер наразылығын тудырған жаңа тәртіп. АӘК пен жәрдемақы енді қалай төленеді?