ШЫМКЕНТТЕ ДЕ HIGHVILL ҮЙЛЕР БОЛАДЫ
Шымкенттегі Shymkent Сity жобасына Highvill компаниясы қатысуға ниетті. Алдағы уақытта үшінші мегаполисте корей компаниясының «ақылды үйлері» бой көтереді. Бұл жөнінде Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов хабарлады.
Shymkent Сity жобасы аясында 400 гектар аумақта 50 мың тұрғынға арналған соңғы үлгідегі үйлер мен демалыс орындары, саябақ, ойын-сауық және сауда орталықтары салынады.
«Кореяның Highvill компаниясы мен отандық BI group, Базис-A компаниялары көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік және коммерциялық нысандар салуға қызығушылық танытып, Шымкентте кеңселерін ашып жатыр. Highvill компаниясымен Shymkent Сity жобасына 130 млрд теңге салу жөніндегі меморандумға қол қойдық. Компания келер жылы құрылыс жұмыстарын бастайды. Компания 60 гектарға тұрғын үй салуды жоспарлап отыр, арнайы саябақ та салады», – деді қала басшысы.
«Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде 14,4 млрд теңгеге 17 жоба жүзеге асырылғанын айтқан қала басшысы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» орындау үшін «7 – 20 – 25» бағдарламасына 1 млрд теңгеге 99 өтінім қабылданып, 51-і мақұлданғанын жеткізді.
«Білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне жергілікті бюджет есебінен пәтер бағасының алғашқы жарнасының 10 пайызына қайтарымды негізде көмек беру мезханизмі әзірленіп, Инвестиция және даму министрлігіне келісім алуға жолданды», – деді.
Оның айтуынша, Шымкентте үшінші Автоматтандырылған газ бөлу станциясы салынады. Қазіргі уақытта қала халқының 91,6 пайызы табиғи газбен қамтылған. 2019-2020 жылдары үшінші Автоматтандырылған газ бөлу станциясы салынып, іске қосылған соң халықты газбен қамтамасыз ету жоспары толық орындалады. Бүгінде мегаполис халқын орталықтандырылған ауызсумен қамту – 93 пайыз деңгейінде екен. Ендігі міндет – бұл жұмысты 100 пайыз орындау.
Ғабидолла Әбдірахымов «Туған жер» жобасы аясында «Отау групп» кәсіпорыны демеушілігімен 110 орынды инклюзивті білім беру орталығы және 320 орынды балабақша пайдалануға берілгенін айтты. «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы бойынша қаланың тарихи-мәдени ескерткіштердің жетеуі республикалық, сегізі жергілікті киелі жерлер тізіміне еніпті.
«Денсаулық сақтау сапасын арттыру бойынша шетелдердің тәжірибесіне сәйкес үйлердің 1-қабаттарында отбасылық амбулаториялық орталықтарды аша бастадық. Мысалы, кенеттен дене қызуы немесе қан қысымы көтерілгенде тұрғындар төменгі қабатқа түсіп, өзіне керек алғашқы медициналық көмекті алады», – дейді.
Ал қаланың денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін 1 000 орынды көпсалалы аурухана салынбақ, бұл жобаға жеке кәсіпкерлер қаржысы тартылады.
Айдана БЕГІМ