Шымкентте боран соғып, үйлердің шатыры ұшты

0

21 желтоқсанға қараған түні Шымкентте қатты боран соғып, бірнеше шағын ауданда жарық сөнді. Қатты желден кейбір мемлекеттік мекемелер мен көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры ұшқан. Бұл ақпаратты қала әкімдігі хабарлады.

Әкімдіктің дерегінше, қатты желден қаладағы тоғыз шағын аудан мен үш елдімекенде жарық сөнген. «Фронт офис» ғимараты мен Нұрсәт, Теріскей, Солтүстік шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры ашылып, бүлінген. Апатты жағдайға байланысты 8 жылу қазандығы мен сорғыш станциясы уақытша жұмысын тоқтатқан.

«Қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр» делінген ресми хабарламада.

21 желтоқсан күні түстен кейін боран соғып, көктайғақ болуына байланысты қалалық төтенше жағдай департаменті республикалық маңызы бар «Алматы-Шымкент» жолы жабылғанын хабарлады.

Сенбі күні төтенше жағдай комитеті Нұр-Сұлтан қаласы мен 9 облыста боран соғып, қар жауатынын ескертіп, жол жүрген азаматтарды сақ болуға шақырды.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, 21 желтоқсанда Ақтөбе облысында жол тайғақ болғандықтан 11 көлік бір-бірімен соғылып, 8 адам зардап шеккен.

Azattyq