Шымкентте бір топ әйел жәрдемақы мен үй мәселесін шешуді талап етті
5 шілде күні Шымкент қалалық әкімдігіне он шақты әйел келіп, жәрдемақы мен баспана мәселесін шешіп беруді талап етті. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.
Таңғы сағат онда келген әйелдерді түске таман қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова қабылдады. Жиналғандар 21 мың теңге жәрдемақы ала алмай жүргенін, пәтер жалдап күнкөретінін айтып шағымданды. Жиналғандардың арасында мүгедек арбасында отырғандар да, баласын көтеріп жүргендер де бар. Әкімдікке келгендердің бірі Аида Емешова үш мүгедек бала тәрбиелеп отырғанын айтады. Ол «қалада пәтер жалдайды, үй кезегіне тұрғанына бір жылдан асқан».
— Үй алу үшін 15 жыл үш мүгедек баламен пәтерде тұра беруім керек пе? Маған ешқандай әлеуметтік көмек беріліп жатқан жоқ, — деді ол әкімнің орынбасарына.
Әкімдік алдында талаптарын айта бастаған аналарды Гүлжан Құрманбекова ішке кіргізіп, жеке-жеке қабылдады. Жеке қабылдаудан шыққан кейбір әйелдер әкім орынбасарының жауабына көңілдері толмайтынын айтып, әкімдіктен кетпей тұрып алды. Кейін әкімдік өкілдері полиция шақырып, «тарамағандарды қаматамыз» деді. Біраз уақытта соң наразы әйелдер «енді Нұр-Сұлтанға барып, министрлік алдында талап қоямыз» деп тарады.
Ал әкімдік өкілі Гүлжан Құрманбекованың айтуынша, жиналғандардың талаптары заңсыз.
— Қалада 38 мың адам үй кезегінде тұр. Үй кезекпен беріледі. Әкімдік кезексіз уақытша тұратын баспана тауып бере алмайды. Ал 21 мың теңге жәрдемақы шартты және шартсыз болып бөлінеді. Шартты жәрдемақы алатындар – жұмыс істеуге қабілетті тұрғындар. Олар жұмыс істеуі керек. 21 мың теңге жәрдемақы алу үшін әлеуметтік картаға қол қоюы шарт. Бұл — заң талабы. Қол қойғаннан соң берілген жәрдемақыны дұрыс пайдалананып, жағдайын түзеуі тиіс. Қазір қол қоюдан бас тартып жатқандардың саны бес мыңға жуықтады, — деді әкімнің орынбасары.
Биыл ақпанда Нұр-Сұлтандағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қаза тапқан. Балалардың ата-анасы түнгі ауысыммен жұмысқа кеткені айтылған. Осы оқиғадан соң Қазақстанның бірнеше қаласында аналар наразылығы өткен. Көп балалы, жалғызілікті және мүгедек бала бағып отырған аналар үкіметтің әлеуметтік көмегін сынап, биліктен баспана сұраған.
Қазақстанда көп балалы әйелдер, жалғызбасты аналар мен мүгедек баласы бар әйелдер наразылық білдіріп, әкімдіктерге, парламент пен үкіметке де жиі барып жүр. Олар биліктен жәрдемақы мен баспана мәселесін шешуді талап етеді.
Мамыр-маусымда Нұр-Сұлтанда әйелдер үкіметке және Ақордаға барып, бірнеше рет Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев не премьер-министр Асқар Маминнің кездесуге шығуын талап еткен. Бірақ оларға Назарбаев, Тоқаев не Мамин шыққан емес. Олардың орнына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Астана әкімдігінің өкілдері, мәжіліс депутаттары шығатын. Әйелдер министр, әкімдер, депутаттардың уәдесінен шаршағанын, мәселелерін биліктің басындағыларға жеткізгісі келетінін айтады.
Қазақстан билігі «әр ананың арызының заңды-заңсыздығын тексеретінін» мәлімдеген.
Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «баспана мәселесі шешілсе, көп балалы аналар бақытты болып кете ме» деген сарында пікірін айтқан.
30 маусымда Нұр-Сұлтанда «Нұр Отан» партиясы рұқсат етілген митинг өткізіп, «әйелдеріне ие бола алмай көшеге жіберіп қоятын еркектерді» сынаған. Ал үкіметке жиі барып жүрген әйелдер «билік тегін баспана бермесе де, арзан арендалық үй берсе» дейді.