Шымкентте биліктен көмек сұрап жүрген әйел өзін өртемек болды (видео)

0

26 қараша кешкісін Шымкентте жергілікті биліктен көмек талап етіп жүрген әйелдердің бірі Индира Үсетаева қала әкімдігінің алдында үстіне бензин құйып, өзін өртемек болды. Полиция әйелдің өзін өртеуге жол бермей, құтқарып қалды, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.

Үсетаевамен бірге келген алты әйел әкім Мұрат Әйтеновтің шығуын талап етті. Солардың бірі Гүлжан Сарқұлова әкімдік алдында дауыс көтеріп жылады. Қала басшылығына келген жеті әйел Шымкент әкімдігінің «23 қарашада әкімдікке келген әйелдер бұған дейін мемлекеттен ақшалай көмек алған» деген хабарламасына наразы.

23 қарашада Шымкентте елудей әйел әкімдікке келіп, қала басшысы Әйтеновтің шығуын талап еткен. Әйелдердің бірі үйін жылытатын көмір жоғын, бірі баласын оқытатын интернет жоғын, бірі ас-суы таусылғанын айтса, бірі баспана мәселесін көтерген еді.

25 қараша күні Шымкент әкімдігі ішкі саясат басқармасы Facebook желісінде әкімдіктен көмек сұрап жүрген жеті әйелдің мемлекеттен ақшалай жәрдем алғанын жазған. Басқарма Үсетаева жыл басынан бері бір миллион теңгеден астам, Сарқұлова 3 миллион теңгеден астам ақшалай көмек алған деп

Бүгін, 26 қараша кешкісін әкімдік алдына келген жеті әйел бұл тізімдегі деректердің «кейбірі жалған» деп санайды. Олар әкімнен берілген ақшаның есебін талап етті. Наразы әйелдерге әкім Әйтенов шықпады. Сол маңда жүрген әкімдік өкілдері әйелдердің талабына қатысты ештеңе айтпады. Әкімдік алдында жедел жәрдем көлігі, полиция, төтенше жағдай мамандары жүр.

Әйелдер 21.00 шамасында, кеш батып кетсе де, «қала басшысы шықпаса кетпейміз» деп әкімдік алдында тұр.

2019 жылы ақпанда Нұр-Сұлтанда уақытша баспанада шыққан өрт салдарынан бір отбасындағы кәмелетке толмаған бес қыз бала мерт болғаннан кейін елде көп балалы әйелдердің билікке наразылығы басталған. Қазақстанның бірқатар аймағында жүздеген әйел мемлекеттік жәрдемақыны ұлғайтуды, баспана мәселесін шешуді, көп балалы отбасыларға жеңілдіктер енгізуді талап еткен.

Наразылық күшейген соң билік мұқтаж жандарды қолдау шаралары қабылданатыны, соның ішінде атаулы әлеуметтік көмек көлемі ұлғайтылып, тұрмыс жағдайы төмен тұрғындардың кепілсіз алған тұтыну несие қарызы ішінара жойылатыны, арендалық баспана құрылысы басталатыны туралы мәлімдеген.

Бірақ көп балалы әйелдер билік берген көмек жетпейтінін, баспана мәселесі әлі толық шешілмегенін айтады. Үкімет пен жергілікті әкімдіктен көмек талап еткен әйелдердің наразылығы әлі күнге жалғасып келеді.