Шымкентте белсенділер Тоқаевқа импичмент жариялауды талап етті

0

19 сәуір күні Шымкент әкімдігіне жиналған жиырма шақты белсенді жерді шетелдіктерге сатуға, жалға беруге қарсы шықты. Олар жер комиссиясының жұмысына көңілдері толмайтынын, комиссияны құрған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа импичмент жариялауды талап етті. Бұл туралы Азаттық жазды.

Белсенділер әуелі 24 сәуір күні Қазақстанда жерді сатуға, жалға беруге және жекеменшікке беруге қарсы митинг өткізетіні туралы әкімдікке хабарлама тапсырды.

Жиналғандар жер комиссиясын халық емес, президент Тоқаев сайлады деп санайды. Олар Жер комиссиясы ауыл шаруашылығынан бөлек жерлерді саудаға салуы мүмкін деп қауіптенеді. Жерді сатпау туралы жарлық шығару Тоқаевтың қолында деп есептейді.

«Мысалы, комиссияда тау-кен, орман орналасқан жерлерді сату не жалға беру дау болып тұр. Орман болсын, тау-кен болсын, бұл — жер. Жер сатылмауы керек» дейді белсенді Жанарбек Сейтінбек.

Наразылыққа шыққан белсенді Лесбек Байжанов «халықтың еншісіндегі жерді сату не жалға беру – мемлекеттік сатқындық. Мұндайда жер мәселесін шешпеген президент Тоқаевқа импичмент жариялау керек» деді.

Оның бұл пікірін наразылар бірауыздан қолдады. Жиналғандар Атырау облысы Құрманғазы ауданының Ресеймен шекаралас жатқан Көптоғай ауылы маңына орнатылған қоршаулар Қазақстанның шекарасы «әлі де бекітілмегенін көрсетеді» деді.

Полиция наразы топты сырттай бақылап тұрды. Әкімдіктен жиналғандардың алдына шықпады. Белсенділер «Шымкент Атыраумен бірге!», «Жер сатылмасын, жалға берілмесін!» деп айқайлап, кейін тарады.

  • 2016 жылдан бері елде жұрт биліктен жерді шетелдіктерге сатпауды, жалға бермеуді талап етіп келеді.
  • 2016 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын даулы заң жобасына халық жаппай наразы болған соң сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев заң жобасына бес жылға мораторий жариялаған. Оның мерзімі биыл аяқталады.
  • Президент Тоқаев 25 ақпанда Ұлттық сенім кеңесінің жиынында шетелдіктерге ауыл шаруашылық жерлерін жалға берілмейтінін және сатылмайтынын айтып, тез арада заң қабылдауды тапсырды. Кейін ол мәжіліске шетелдіктер мен қандастарға жерді сату және жалға беруге тыйым салатын заң жобасын жолдаған. Тоқаев заң жобасын талқылау үшін қоғамдық комиссия құруды да тапсырған.
  • Комиссия жұмысы жалғасып жатқан тұста Атырау облысы Құрманғазы ауданы Көптоғай ауылының тұрғындары Ресеймен шекара маңында қоршау орнатылғанына қарсы шыққан. Олар «жер Ресейге беріліп жатыр және соның салдарынан Қиғаш өзеніне барар жол жабылды» деп наразы болған. Осыдан соң Қиғаш өзеніне барар жол ашылған.