Шымкентте белгісіз адамдар Азаттық тілшісіне тағы да кедергі жасады
12 маусымда Шымкентте беттеріне маска киген белгісіз екі адам Азаттық тілшісі Дилара Исаның қызметіне кедергі келтірді. Осы күні Шымкентте күзет күшейтіліп, бірнеше адамды полиция ұстаған. Тілші осы оқиғадан хабар тарату барысында кедергіге ұшырады. Бірі — көк қолшатыр, екіншісі қара қолшатыр ұстаған адам тілшінің камерасын көлегейлеп неғұрлым оқиғаны түсіртпеуге тырысты. Алдымен көк қолшатыр ұстаған адам тілшінің соңынан қалмай жүрген. Полиция адамдарды ұстай бастаған кезде, оған қара қолшатыр ұстаған адам қосылған. Белгісіз адамдар тілші камерасының алдында қолшатыр тұтып, көлденең тұрып алған.
Сол маңда жүрген полиция осы адамдардың әрекетіне ешқандай шара қолданбаған.
10 маусым күні де Азаттықтың Түркістан облысындағы тілшісінің жұмысына қолшатыр ұстаған бір адам кедергі келтірген болатын. Ал 9 маусымда Нұр-Сұлтанда наразылық шарасынан хабар таратуға барған Азаттық тілшісі Тимур Айтмұхаметовке де белгісіз біреу қолшатырмен кедергі келтірген. Қолшатыр ұстаған адам Азаттық операторының камерасын жапқан.
Ал мамырдың 1-і күні Нұр-Сұлтандағы шарадан хабар тарату кезінде белгісіз адамдар Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннің қолын қайырып, смартфонын тартып алған. Сол күні таңертең белгісіз адамдар Азаттық операторы Ержан Әмірхановтың көлігінің терезесін шағып кетсе, Тимур Айтмұханбетовтің тұрақта тұрған көлігігінің алдына әлдекімдер автокөлік қойып, жолын жауып тастаған.
22 наурызда да Қазақстан астанасындағы наразылықты түсіруге барған Азаттық тілшілері Өркен Жоямерген мен Тимур Айтмұханбетовке сол маңда жүрген, өздерін «студентпіз» деп таныстырған бір топ жас жұмыс істеуге кедергі келтірді. Азаттық тілшілерінің жұмысына кедергі келтіру сол күні Алматыда болған наразылық кезінде де байқалды.
«Азат Еуропа/Азаттық радиосы» медиакорпорациясы 22 наурызда Астана мен Алматыдағы оқиға кезінде осы компанияның журналистеріне жасалған кедергіні сынады. Медиакорпорация Астана мен Алматыда тілшілерге жасалған кедергіні «тәуелсіз журналистерге қысым және саяси оқиғалардан хабар таратуға тырысқан ақпарат құралдарын бақылауда ұстау әрекеті» деп бағалаған.