Шымкентте белгілі блогер қамауға алынды

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

20 0 0

Блогерді тексеру кезінде ол құқық қорғау өкілдерінің тәртіп бұзуына қатысты арандату әрекетін жасаған

НҰР-СҰЛТАН, 15 сәуір – Sputnik. Өзін «полиция аңшысы» деп атайтын Бейбарыс Райымбеков (блогер Руслан Жанпейісов атымен танымал) әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін сот шешімімен 25 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

12 сәуірде Шымкент қаласындағы Қапал-Батыр көпірі жанындағы бақылау-өткізу бекетінде полиция қызметкерлері «Опел» жеңіл көлігін тоқтатты. Карантиндік іс-шаралар кезінде қала бойынша еркін жүріп-тұру құқығы бар-жоғын тексеру кезінде аталған көліктің жүргізушісі Райымбеков «Adil Stroi Project» ЖШС-нің заңгері екендігі туралы анықтаманы көрсеткен. Оның айтуынша, анықтама негізінде полиция оны кедергісіз жіберуі керек еді.

«Алайда, қалада аталған ЖШС қазіргі уақытта ешқандай қызмет көрсетпейтіндігі анықталды», – делінген хабарламада.

Азаматтарға, соның ішінде ішкі істер органы қызметкерлеріне заңдылықтың сақталуын насихаттайтын блогерді тексеру барысында, ол құқық қорғау өкілдерінің тәртіп бұзуына қатысты арандату әрекетін жасаған. Яғни, құжаттары тексеріліп болған соң, ол полиция қызметкерлерінің жұмысына кедергі жасап, әлеуметтік желінің тікелей эфирінде бейнежазба арқылы хабар таратқан. Осындай әрекетімен өткізу пунктіндегі қызметкерлерге өз міндетін орындауға кедергі келтірген.

Бейбарыс Райымбековке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476 (төтенше жағдай режимін бұзу) және 478 (төтенше жағдай кезіндегі тәртіпті бұзуды тудыратын әрекеттер) бабы бойынша хаттама толтырылды.

14 сәуірде бейнеконференция режиміндегі сот отырысында судья шешімімен төтенше жағдайды бұзушы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сондай-ақ, сот Раимбековке құқық қорғау органдарының қызметкерлерін арандатып, тағайындалған төтенше жағдайға наразылығын білдіріп, жағымсыз эмоцияларын тікелей эфирде көрсеткені және төтенше жағдай жарияланған аймақтағы қызметкерлердің өз міндеттерін атқаруына кедергі келтіргені үшін 25 күн әкімшілік қамауға алуды тағайындады.

Айта кетейік, Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Бейбарыс Райымбеков (Руслан Жанпейісов) бұған дейін де ұрлық, қасақана ауыр дене жарақатын келтіру және арнайы ақпарат құралдарын заңсыз пайдаланғаны үшін заң алдында жауапкершілікке тартылған.



sputniknews.kz