Шымкентте балаларға беретін Humana сүт қоспасын сатуға тыйым салынды. Жаңалықтарға шолу

0

Астанада жаңа туған сәбиге ең көп қойылатын есімдер аталды

Елордада жыл басынан бері 27 998 нәресте дүниеге келген. Оларға көбіне Әлихан (289 сәби) және Медина (387 сәби) деген есімдер беріліпті. Одан басқа ұл балаларға Әмір, Әли, Айсұлтан, Арлан, Алан, Санжар, Алдияр, Санжар, Ерасыл, Мансур, ал қыздарға Айзере, Айлин, Әмина, Айша, Раяна, Айару, Аяла, Сафия, Айша есімдерін көп таңдаған.

Шымкентте 2 айлық сәби жасанды сүттен уланып, ауруханаға түсті

Жасанды сүттен баланың іші өткен, құсқан. Дәрігерлер нәрестенің ішкі қуысын ренгтенге түсірген екен. Оның ішек жолдарынан сынапқа ұқсас бөгде заттың барын анықтаған. Абырой болғанда сәбиді ауруxанаға дер кезінде жеткізген. Қазір оның жағдайы жақсы.

«Ішектің функционалды бұзылысы» диагнозымен емделіп жатыр. Жақын арада ауруханадан шығады. Дәрігерлер улы заттың бала денсаулығына еш зиян тигізбетінін айтады. Соған қарамастан ата-анасы тиісті органдарға арыз жазып, мамандардан сүт сапасын тексеруді талап етпекші.

Қазір Шымкентте Humana балалар сүтінің қоспасын сатуға тыйым салынды. Аталған жағдайға байланысты еліміздің бас санитар дәрігері Ж.Бекшин мәлімдеме жасап, қоспа қалдықтарымен қатар сөрелердегі барлық өнімдерге тексеріс жүргізілетінін хабарлады.

Биыл Қазақстанда дәрі-дәрмектердің қарсы әсер беруіне байланысты 2282 шағым тіркелген

ДСМ Фармация комитетінің төрағасы Л.Бюрабекованың айтуынша, оның 77-де жағдай ауыр деңгейде болған. Маманның сөзіне сенсек, микробтарға және бактериаларға қарсы препараттарды қабылдау кезінде зиянды әсер жиі тіркеледі. Олардың ішінде құрт ауруына қарсы, ВИЧ инфекциясын, сондай-ақ қатерлі ісікті емдейтін дәрілер бар. Биылдың өзінде осындай 18 дәрі сатылымнан алынып тасталған.

Елімізде киноиндустрия саласын реттейтін заң қабылданды

ҚР Мәдениет министрі А.Мұхамедиұлы «заңның қабылдануы Қазақстан кинематография тарихындағы маңызды оқиға» деп бағалады. Жаңа заңға сәйкес енді Қазақстанда Ұлттық киноны қолдау орталығы құрылатын болды. Заң аясында ұлттық киноны мемлекеттік қаржыландырудың жаңа моделін енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар прокаттан қаражатты қайтару мүмкіндігі де қарастырылатын болады.

Проблемалық несие қоры БТА банкінің активіндегі пәтерлер мен жер телімдерін саудаға шығарады

Қор басшысы Д.Бақберген сауда-саттықтың ашық және электронды түрде өтетінін мәлімдеді. Айтуынша, Алматы және Астана қаласында орналасқан бірнеше жер телімдері мен 70-ке жуық пәтер қаңтар айынан бастап сатылады. Қосымша ақпараттар БАҚ арқылы хабарланатын болады. Сонымен қатар әлеуетті сатып алушылар қордың сайтынан сауда жөнінде барлық мәліметпен таныса алады.

Суицид жасауға бейімдерді бақылайтын жоба таныстырылды

Астана мектептері мен колледждерінде жүзеге асырылып жатқан «Биоинформатика және синергетика» жобасы жақсы нәтижелер көрсете бастады. Жоба бойынша медиаторлар – яғни балалар суицидке бейім құрбы-достары туралы мектеп психологына ақпарат беруге міндетті.

Қазір жоба Елордадағы 67 мектеп пен 11 колледжде сынақтан өтіп, оны басқа да білім ұйымдарына енгізу туралы шешім қабылданып жатыр. Мамандар мұндай медиация балалардың бойына бауырмалдық, қайырымдылық, қамқорлық сияқты жақсы қасиеттерді сіңіруге көмектеседі дейді.

Келер жылдан бастап жолаушыларға пойыздардың кешігуін хабарлайтын жүйе іске қосылады

Әуе көлігінде жүргізілген тәжірибеге сәйкес, жаңа жүйе бойынша пойыз 3 сағаттан артық кешіккен жағдайда жолаушыларға SMS арқылы ақпарат таралады. 1 қаңтардан бастап іске қосылатын қызмет – тегін. Оған қосылу үшін жолаушылар вокзалда немесе www.bilet.ralways.kz сайтында жол жүру құжаттарын рәсімдеу кезінде ұялы телефонының нөмірін қалдырулары керек.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Доллар бағамы төмендеді. Қазақстан қор биржасында бейсенбі күнгі сауда-саттықтың таңертеңгілік сессиясында теңгенің АҚШ долларына шаққандағы орташа бағамы 369,42 теңге болды. Сәрсенбі күнгі сауда-саттықпен салыстырғанда, шетел валютасының бағамы 2,94 теңгеге төмендеген.

Baq.kz: Астанада EXPO бизнес орталығы ашылады. «ЭКСПО-2017» көрмесінің ауласында 35 мың шаршы метр жерді алатын EXPO Business Centre ашылады. «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «Нұр Әлем» сферасы және ЭКСПО Конгресс-орталығына жақын орналасуы – Орталықтың ерекше инфрақұрылымы болмақ. Сонымен қатар, 2019 жылы Қазақстандағы ең ірі Көрме орталығы ашылады. Мультифункционалды павильондары мен залдары бар орталықтың жалпы ауданы 20 мың шаршы метр.