Шымкентте аукцион арқылы сатылымға шығарылған жер телімі үлкен дауға айналды – Қазақстан жаңалықтары

0
108

Шымкентте ұлтарақтай учаскені «заңды иесінен» қала әкімдігі тартып алмақшы. Сөйтіп балалар ойын алаңшасын салмақшы екен. Алайда әлгі жердің қожайыны өліспей берілмеймін деп отыр.

Бұл туралы Евразия арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.

Өйткені әу баста ойын алаңшасы болған жер бүгінде басқа кәсіпкердің меншігіне өтіп кетіпті. Сондықтан қала билігі балалар ойнайтын алаңды өзге адамның заңды жерінен алып бермекші көрінеді. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?

«Біреудің мүлкін біреуге қалай тартып алып береді? Мен түсінбедім. Мен өзім біреудің бір сабақ ине жібіне барып тиісе алмаймыз», – дейді жер иесі.

Нұрзипа Ахатаева жерді екі жыл бұрын қыруар ақшаға сатып алыпты. Аумағы 24 шаршы метр. Әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық нысан салмақшы. Ойын іске асыру үшін банктен миллиондаған несие алғанын айтады. Жұмысты енді бастағанда, қала әкімдігі құрылысқа ауызша тыйым салыпты.

«Өзімнің қаржыма сатып алдым, ешқандай біреуге беруге мен ештеме көріп тұрғаным жоқ. Менің өз жерім!», – деді қала тұрғыны Нұрзипа Ахатаева.

Даудың басы құрылыс нысанының дәл іргесінде тұрған көпқабатты үй тұрғындарының қарсылығынан туындаған. Олар ойын алаңшасы жоқ деп қала әкімдігіне шағымданыпты. Мәселені лезде шешіп тастағысы келді ме, жергілікті билік еш ойланбастан Нұрзипа Ахатаеваның жер теліміне жабыса кеткен. Сөйтіп кәсіпкердің құрылысын тоқтатып тастаған көрінеді.

«Қазір катлован қазылу керек еді. Жұмысшылардың барлығы тұр. Қаншама қаражат алынды, несие алынған. Соның бәрін орнына құю керек. Соны істеуіміз керек. Біз тоқтап тұрмыз. Не себептен тоқтатып тастағаны белгісіз», – деді құрылыс шебері Қайрат Малаханов.

Әу баста осы үйді тұрғызғанда жобалау ісі қалай жүргізілгені белгісіз. Өйткені мұнда алып келетін жол болмады дейді нысан иесі. Содан сатып алған жерімнен төрт шаршы метрін сауап үшін жолға бөліп бердім дейді. Тіпті, соның кесірінен салынуы тиіс ғимаратты да екіге бөлуге тура келген. Ал, шын мәнінде ойын алаңшасы үйдің жанында емес, дәл алдында болған екен.

Балалардың ойын алаңшасы міне, осы жерде болған. Бірақ, неге екені белгісіз бұл жер сатылып кеткенге ұқсайды. Қазір енді автотұрақтың орнына айналмақшы екен. Сондықтан, жергілікті билік ойын алаңшасының мәселесін шешу үшін өзге кәсіпкердің жеріне көз тігіп отыр. Ал, ол болса, егер қала әкімдігі осы жерді тұрғындарға қайтарып алып берсе, мен ойын алаңшасын салып берер едім дейді.

«Бұл балалар ойын алаңшасын мен келістім. Өзімнің қаржымнан балаларға сауап үшін салып берейін дедім. Солай айтып келіскен едім, тұрғындармен. Олар мақұл деген. Кейін ертесіне олар айнып кетті. Білмеймін не үшін айнығандарын. Біреулер айнытты ма? Мұның артында үлкен адамдар бар секілді», – дейді қала тұрғыны Нұрзипа Ахатаева.

Дегенмен, ақжағалылар ойын алаңшасының нақты қай жерден салынатыны жайында тілшілерге тұщымды жауап бермеді. Басшының соңынан екі сандалып, соңында өзі сенбі күні жер телімінің басына баратынын білдік. Сол жерде тұрғындар мен кәсіпкердің уәжін тыңдамақшы. Сөйтіп, оң шешім қабылдаймыз дейді. Бірақ, әкімдіктің ұйқылы-ояу жауабына кәсіпкер қанағаттанбай отыр.  Оның үстіне, банктен алған несиесі де жан алқымнан алып жатқан көрінеді.

stan.kz