Шымкентте Антикор басшысы бұрынғы орынбасарының іздеуде жүрген інісі ұсталды

0

Шымкенттегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Мақсат Қожабаевтың інісі Дәуренбек Қожабаев ұсталды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Дәуренбек Қожабаевқа қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Дәуренбек Қожабаев қылмыстық жауапкершіліктен босатқаны үшін қаладағы орта мектептердің бірінің директорынан пара алды деген күдікке ілінді.

БАҚ мәліметінше, күдікті – Шымкент бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Мақсат Қожабаевтың інісі. Ал Мақсат Қожабаевтың өзі 2023 жылдың қарашасында алаяқтық жасады деп айыпталып, бес жыл алты айға бас бостандығынан айырылды.

“Дәуренбек Қожабаев тергеуден қашуына байланысты оған халықаралық іздеу жарияланды. 30 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп жедел іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деп мәлімдеді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

Іске қатысты тергеу жалғасып жатыр.

Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі өзінің бұрынғы қызметкеріне халықаралық іздеу жариялағанеді.