Шымкентте «әкімдік үйімізді тартып алды» деген салымшылар наразылық білдірді

0

20 қаңтарда Шымкентте Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің оннан аса салымшысы «әкімдік ипотекаға алайын деп отырған үйімізді көп балалы отбасылар мен жастарға беріп жіберді» деп шағымданып, қала билігіне келді. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлайды.

Әкімдікке барған салымшылар «Нұрлы жол» бағдарламасымен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы алайын деп отырған үйімізді әкімдік тартып алды» деп санайды. Жиналғандардың сөзінше, әкімдік президенттің тапсырмасын орындау үшін салымшылардың үйін алып, көп балалы отбасылар мен жастарға бере салған, соның салдарынан конкурстан өткен 176 салымшы ала алмай отыр.

— 2013 жылдан бері балаларымның аузынан жырып бар ақшамызды банкке салып, жинадық. Конкурстан өтіп, үй аламыз деп қуандық. Тиісті құжаттардың бәрін реттеп, берілетін пәтерімізді таңдап кілтін алайын дегенде бермей қойды. Жастар жылы аясында пәтерімізді әкімдік жастарға беріп жіберді. Осылай жасауға бола ма екен? Олардың бұлай істеуге құқығы бар ма? Әкім түсіндіріп берсін, — дейді әкімдікке келген салымшы Айман Комашова.

Әкімнің шығуын талап еткендерді бес сағаттан соң Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садыр қабылдады. Шенеунік жиналғандарға көпқабатты төрт тұрғын үй президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде көп балалы отбасылар мен жұмыс істейтін жастарға берілгенін растады. «Жастарға берілген пәтерді қайтарылмайды» деді. Содан кейін салымшыларды сабырға шақырып, құрылысы жүріп жатқан өзге көпқабатты үйден пәтер алуға шақырды. Салымшылар бұған келіспеді.

— Біз жапа шегіп отырмыз. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бірнеше сатыдан өтіп, пәтерімізді белгілеп қойдық. Арамызда жастар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, мүгедектер де бар. 4 жылдан бастап 11 жылға дейін салымшы болғандар бар. Салымшылардың біреуі мемлекеттен үй сұраған жоқ. Өз күштеріне сенді. Үй аламыз деп үміттенді. Үй алғанға дейін жүрегіміздің қаншалықты ауырғанын білесіздер ме? Сол қуанышымызды су сепкендей басып жіберді, — дейді салымшы Бағлан Әбденқұлов.

Салымшылармен кездескен Тұрғын үй жинақ банкінің Шымкенттегі филиалының басшысы Құдайберген Сейітмамбетовтің сөзінше, банк «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған бұл үйді жастар мен көп балалы отбасыларға беру туралы әкімдікке келісім бермеген. Банк өкілі әкімдік соған қарамастан жастарға үлестіргенін айтады.

Қала әкімінің орынбасары 21 қаңтар күні түстен кейін қала әкімі Ерлан Айтахановтың салымшыларлы қабылдайтынын айтты. Осыдан соң салымшылар тарады.

Azattyq