Шымкентте әйелін өлтірген экс-прокурор 11 жылға сотталды — Қылмыс

0

Шымкентте экс-прокурор әйелін өлтіргені үшін сотталды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотының өкілі Әбинұр Қарабаев хабарлады. 

Оңтүстік Қазақстан облыстық прокурасының бұрынғы қызметкері қауіпсіздік деңгейі жоғары колонияда 11 жыл бойы жазасын өтейді. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің «Адам өлтіру» бабы бойынша айыпты деп танылды. 

Биыл мамырда ер адам М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қабырғасында әйеліне бес рет пышақ ұрған. Әйелінің туған күнінде ол жарын құттықтап, татуласу үшін келген, алайда екеуінің арасында жанжал шығып, артынша экс-прокурор әйелдің жүрек тұсына пышақ ұрған. Әйел адам сол жерде қайтыс болды. 

Прокурор ер адамның 15 жылға сотталуын сұрады. 

«Ол оқиға орнынан қашпақшы болған кезде, оны студенттер ұстап қалған. Ешкім көрмей тұрғанда, ол пышақты жасырып үлгерген. Кейінірек жедел тергеу тобына пышақты қайда жасырғанын көрсетті. Барлығында мойындады. Бұрынғы қызметкер ол өзіне қандай айып тағылатынын білген. Сотқа дейінгі тергеу шаралары ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша жүргізілді. Алайда судья тек ҚР ҚК-нің 99-бабы бойынша үкім шығарды. Ол қауіпсіздігі жоғары деңгейдегі колонияда 11 жыл бойы жазасын өтейтін болады», — деді Әбинұр Қарабаев

Іс материалдарында 41 жастағы ер адам мен қайтыс болған әйелдің арасында жиі жанжал болатыны айтылған. Екеуі де екінші рет отау құрған.  Әйел адам бірнеше рет ажырасу туралы арыз берген. Оқиға болған күні ер адам әйелімен татуласу мақсатында гүл алып келіп, отбасын сақтап қалуды шешкен. Алайда екеуінің арасында жанжал шыққан. Сот барысында ер адамның пышақты қасақана алып келгені туралы дәлелденбеді. Қайтыс болған әйелдің кәмелетке толмаған үш баласы қалды. Бір жарым жасар бала екеуінің ортақ сәбиі болған. Баланың тағдырын қамқорлыққа алу органы шешетін болады.