Шымкент қаласында аудандық сайлау комиссиялары құрылады

0

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Республикалық маңызы бар қалаға айналған Шымкентте төрт аудандық сайлау комиссиясы құрылады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы сайлау ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Дәурен Ысқақов мәлімдеді.

«Шымкент қаласында аудандық аумақтық сайлау комиссияларын құру туралы ұсыныстар ұсынып отырмыз. ҚР әкімшілік-аумақтық құрылымының кейбір мәселелері туралы 2018 жылғы 19 маусымдағы Президент жарлығы бойынша Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала санатына жатқызылды. Осыған байланысты Шымкент қаласында аумақтық аудандық сайлау комиссиялары құрылуы тиіс», — деді ол.

Ысқақов республикалық маңызы бар Шымкент қаласында Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандары барын атап өтті.

«Орталық сайлау комиссиясына Шымкент қаласының әкімі атынан аудандық сайлау комиссияларын құру туралы хат келіп түсті. Қазақстан Республикасының Сайлау туралы Конституциялық заңының 10-бабы 3-тармағына сәйкес аумақтық сайлау комиссияларын орталық сайлау комиссиялары құрады. Шымкент қаласы аудандық аумақтық сайлау комиссияларын құру туралы Орталық сайлау комиссиясының қаулы жобасы әзірленіп, қарауға енгізілді», — деді ол.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ