«Шымкент пен Тараздан батыр қыздар шықпаған»: Баян Мақсатқызы сәлем салудың қыз тәрбиесіне қалай әсер ететінін айтты

Бұл туралы ол Orda News You Tube арнасына берген сұхбатында айтты.
Баян Мақсатқызы сәлем салу дәстүрін алғаш көргенде қатты таң қалғанын жасырмады.
“Маған ертеректе ешкім ер адамға иілу керек, сәлем салу керек деп айтпаған. Алматыға келгенімде Шымкенттен келген қыздардың үнемі иіліп, сәлем салуы мен үшін өте жабайылық болды. Не үшін иілесің десем не үшіні қалай, солай болуы керек дейді. Бірі сыйластықтың белгісі деді. Кешіріңіздер, мен әкемді құрметтеймін, атама деген де құрметім шексіз. Үлкендерге, ер адамдарға құрметпен қараймын. Бірақ иіліп, сәлем салу деген менде атымен жоқ. Маған оны үйретпеген. Енді ешқашан да үйрете де алмайтын шығар. Бұл – менің таңдауым. Мені әжем еркін өсіріп, тәрбиелеген», – дейді продюсер.
Сондай-ақ, ол кеңес заманында батыр қыздар еліміздің тек батыс өңірінен, яғни Орал мен Ақтөбеден шыққанын да мақтанышпен айтып өтті.
“Әжем “біздің әпкелеріміз ат үстінде жүрген” деп өсірді. Расымен, кеңес одағы кезінде ерлік көрсеткен батыр қыздарымыздың барлығы Орал мен Ақтөбеден шыққан. Шымкент пен Тараздан Кеңес одағы батыры атағын алған қыздар шақпаған. Біздің батыстың қыздары еркіндікті жақсы көреді. Менің сол жақта туып-өскеніме Құдайға шүкір», – деді Баян Мақсатқызы.
Желі қолданушылары қазақы дәстүрге қарсылық танытқан продюсерді жерден алып жерге салуда.
«Сәлем салу, иілу Европада 17 ғасырдан келе жатқан дәстүр», «Сен бірінші ана тіліңде сөйлеп алшы», «Енді сенің біздің оңтүстікке тіл тигізуің қалып еді. Есесіне, бізден Айша, Домалақ ана секілді әуле тұлғалар шыққан», «Бетімен кеткен, арсыз екенсің», «Саған анаң сәлем салуды үйретпесе де біреудің күйеуін тартып алуды үйреткен ғой», — деп жазды олар.
ақпарат, фото: caravan.kz