Шымкент мен Ақтөбеде полиция ондаған адамды ұстады

0

22 ақпанда Шымкент пен Ақтөбеде полиция жоспарланған митинг өтеді деп белгіленген Тәуелсіздік саябағына келген ондаған адамды ұстады. Бұл туралы оқиға орнынан Азаттық тілшілері хабарлады.

Азаттық тілшісі Шымкентте наразылық жоспарланған Тәуелсіздік саябағында жиырмадан астам адам ұсталған. Ұсталғандардың бірі полиция мен қарапайым киімдегілер әкетіп бара жатқанда «Шал, кет!», «Назарбаев биліктен кетсін!» деп айғайлады. Кейбір адамдар Тәуелсіздік саябағына әлеуметтік мәселелерді айтуға келгендерін жеткізді.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Тәуелсіздік саябағында полиция күзеті күшейіп, жеке көліктерді өткізбей жатыр. Осы маңда интернет жұмысы нашарлаған.

Азаттықтың Ақтөбедегі тілшісінің хабарлауынша, қаладағы Орталық базарға барар тұста полиция кем дегенде он адамды әкетті. Полиция топталып тұрғандарды, дауысы шыға бастағандарды ұстады. Қалада полиция қарасы көбейді.

Полиция Ақтөбенің орталық көшесінде адамдардың бірін ұстап жатыр. 22 ақпан 2020 жыл.

Полиция Ақтөбенің орталық көшесінде адамдардың бірін ұстап жатыр. 22 ақпан 2020 жыл.

Таразда да орталық көшелерде күзет күшейіп, интернет жұмысы нашарлағаны хабарланды. Митинг жоспарланған 22 ақпанда Алматы мен Нұр-Сұлтанда да ондаған адам ұсталды.

ІІМ ұсталғандар жайлы ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Қазақстандағы екі оппозициялық топ 22 ақпанда билікке қарсы наразылық өткізетіндерін хабарлаған.

Соның бірі «Демократиялық партия» құруды жоспарлайтын бастамашыл топ жұртты сенбі Алматыдағы «Астана» алаңына митингіге шақырған. 22 ақпанға қараған түні бастамашыл топ жетекшісі Мамай «заңсыз митингіге шақырды» деген айыппен үш тәулікке қамалған. Осы аптаның басында бастамашыл топ билік «Демпартияның» құрылтай съезін өткізуге кедергі келтіріп жатыр деп мәлімдеген. Сенбі күні «Демпартия» жақтастары алаңға келіп, Мамайды босатуды талап етті. Сол жерде полиция бірнеше адамды ұстап әкетті.

Екінші митингіге бұрынғы банкир, шетте тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов пен ол жетекшілік ететін «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысы шақырған. ҚДТ Қазақстан сотымен «экстремистік» деп танылып, қызметіне тыйым салынған. 2019 жылы Еуропарламент резолюциясында ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық ұйым» деп атаған.

Сенбіде жоспарланған наразылық шарасы алдында Қазақстан бас прокуратурасы мәлімдеме жасап, «рұқсат етілмеген митингіге шыққандар жазаланатынын» ескертті.

Қазақстанда жұрт митингіге шығу үшін жергілікті биліктен рұқсат алуы тиіс. Жергілікті әкімдіктер түрлі себеппен митингіге рұқсат ете бермейді. Елде рұқсат етілмеген митингілер заңсыз деп танылып, қатысушылары ұсталады.

Azattyq