Шымкент белсенділері коммуналдық төлемнің қымбаттағанына наразы

0

22 қаңтарда Шымкентте Манап Өтебаев атындағы жаңа технология колледжінде өткен жиында белсенділер коммуналдық төлемдердің қымбаттағанына наразы болды. Олардың айтуынша, қаңтар айынан бастап судың бір текше метрі — 3 теңгеге қымбаттап, 88 теңгеге жеткен. Ал жарық бағасы шамамен 2 теңгеге қымбаттап, бір киловаты 14 теңгеге жуықтаған.

Қаладағы коммуналдық қызмет пен төлемдер мәселесі талқыланған жиынға белсенділер мен Шымкент қалалық табиғи монополияларды реттеу комитеті өкілдері қатысты. Жиынға монополист компаниялар мен прокуратура өкілдері шақырылғанымен келмеді.

Белсенді Ибрахим Әлсерке «бағаның қымбаттағанын бақыламағаны үшін» табиғи монополияларды реттеу комитетін кінәлады. Оның пікірінше, монополист компаниялар қымбаттатар кезде халықтың пікіріне құлақ асуы керек.

— Монополистер жарық пен судың бағасын қымбаттатар кезде халықпен келіскен жоқ, комитетпен ғана келісті. Енді бұл бағаны қару алып көшеге шықсақ та түсіре алмаймыз, — дейді белсенді.

Белсенді Тілеулес Ілес 2014-2019 жылы төрт жылдың ішінде судың бағасы 32 теңгеден 98 теңгеге өскенін айтып, «бұл халықты тонау» деп наразы болды. Оның сөзін жалғаған белсенді Данияр Байтілеу 1994 жылы судың бағасы 3 теңге болғанын алға тартты.

— Сусыз адам өмір сүре алмайды. Су арқылы монополистер халықты сорып отыр. Бензин кеше ғана тағы 10 теңгеге қымбаттады, — деді Байтілеу.

Белсенділердің «монополистер халықты тонап жатыр», «коммуналдық төлемдердің бағасы қымбаттады» деген уәжімен табиғи монополияларды реттеу комитеті келіспейді. Комитеттің қаладағы департаментінің басшысы Дархан Қайынбердиев 2019 жылы бірнеше коммуналдық қызметтің ақысы арзандағанын айтады.

— Мысалы, қалада жылу бағасы 22 пайызға арзандады. Жарықтың бағасын өсіру не кемітуге комитет емес, энергетика министрлігі жауап береді, — деді Дархан Қайынбердиев.

Белсенділер коммуналдық төлемдерді қымбаттауға қарсы тұру үшін қоғамдық комиссия құру керектігін айтты. Жиын соңында белсенділердің кейбірі «қанау комитеті!» деп айқайлады. Бірақ билік өкілдері бұл ұсынысқа байланысты пікірлерін айтқан жоқ.

Azattyq