Шымкент әкімінің экс-орынбасары сотта жылап жіберді

0

Шымкентте қала әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исаховқа қатысты сот басталды, — деп Kznews.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. Бұл туралы stan.kz жазды.

Мақсұт Исаховқа «аса ірі көлемде пара берді» деген айып тағылып отыр. Прокурордың айтуынша, экс-шенеунік қомақты пара беріп, тергеуден сытылып кеткісі келген.

“Кездесу кезінде Исахов Сарбасовқа 200 мың долларды алдын ала келісілген жерге жеткізетінін айтады. Сөйтіп өз адамы арқылы қаладағы дүкендердің біріне 200 мың долларды пакетпен бірге тастап кетеді. Бұл қомақты қаражатты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тәркіледі”, – дейді прокурор Мұхтар Арыстанов.

Тергеу мәліметінше, Шымкент әкімдігі үлкен көшелердің бірінің жылу құбырын ауыстыруға тендер өткізіп, оны әкім орынбасарына жағымсыз мердігер ұтыпты. Сөйтіп құрылыс компаниясынан 187 миллион теңге талап еткен көрінеді. Кәсіпкер дереу ұлттық қауіпсіздік комитетіне арызданған. Сөйтіп осы істі жабу үшін Мақсұт Исахов комитеттің Шымкент департаменті бастығының орынбасарына 200 мың доллар бермекші болған дейді тергеушілер.

Исаховтың өзі бірде-бір айыппен келіскен жоқ. «Ешкімнен ешқашан пара алған да, берген де емеспін» деуден таңбады. «Керісінше, Манат Сарбасов кездесу кезінде 500 мың доллар бермесең, бәрібір қамайды» деп қоқан-лоққы жасады дейді экс-шенеунік. «Сегіз айға созылған тергеу кезінде көрмегенім жоқ» деп, әкімнің бұрынғы орынбасары тіпті жылап жіберген.

“Бір кісілік камерада отырасың. Ешкімді, ештеңені білмейсің. Таразының бір басында 10-15 жыл, бір жағында алты балам, бесеуі кәмелетке толмаған, 75 жастағы кәрі анам бар. Таңдау жасаған өте қиын, ешкімнің басына мұндай сынақ бермесін. Айып етпеңіздер”, – дейді айыпталушы Мақсұт Исахов.

фото: shymkent.gov.kz