Шымкент әкімі жаңа жылды қарсы алуға 70 миллион теңге жұмсамақ

0

Шымкент әкімі жаңа жылды қарсы алуға 70 миллион теңге жұмсамақ.

Жақында ғана Қазақстандағы үшінші мегаполис атанып, Республикалық маңызға ие қалалардың қатарына қосылған Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жаңа жылды қарсы алуға 70 миллион теңге қаржы жұмсайтындығын мәлімдеді.

«Бұл елдер айтып жүргендей үлкен сома деп ойламаймын. Қаламыздың әдемі әрі тартымды болғанын барлығымыз қалаймыз. Жақында мен Сеулда болдым. Сіздер түнгі мегаполистің жарқырап, жайнап тұрғанын көрсеңіздер ғой. Ол жақта бұған 70 миллион теңге емес, 70 миллион доллар бөлген тәрізді. Әйелдер неге әдемі болып жүреді? Біз неге мерекелік киімдер киеміз? Сол сияқты мерекелік қала да жайнап тұруы тиіс. Адам «вау» деп айтатындай өмір сүруі тиіс» -деді Шымкент қаласының әкімі баспасөз брифингінде.

Айта кететін бір жайт, былтыр дәл осы Ғабидолла Әбдірахымов жаңа жылды қарсы алуға бөлінген қаржыны жетім балаларға сыйлық алуға жұмсап көпшіліктің ықыласына бөленген. Жалпы, Әбдірахымов халық арасында өзінің жаңашыл бастамаларымен танымал. Осыдан біраз уақыт бұрын ол қоғамдық көлікпен жүріп елдің назарын өзіне аудартқан. Ал одан сәл ертеректе жұмысқа велосипедпен барып әлеуметтік желілердің «гүлі» болған.

«The Qazaq Times»