Home Жаңалықтар Шымкент әкімі шыршаға деп 35 млн бөлдірген

Шымкент әкімі шыршаға деп 35 млн бөлдірген

0
328
Сурет: © РИА Новости / Мария Девахина

Жер-жерде жаңа жылға дайындық жүріп жатыр. Әкімдіктегілер әуелі азаттық күнін атап өтіп, сосын ғана безендіруге кірісеміз дегенімен, сатып алулар сайтында тапсырыстар әлдеқашаннан тұр. Мәселен шымқалаға шырша қойып, шырайын аша түсу үшін жергілікті басшы 35 миллион теңге бөлдіріпті. Оны жеңіп алған мердігер шыршаны дайындап, әртүрлі жарықшамдарды ілуі шарт. Бірақ әкімдіктің бұл идеясы «зың» қаланың тұрғындарын қуанта қоймады, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Шымкентте жаңа жылдық безендіруге бөлінген қаражат былтырғыға қарағанда едәуір көп. 2019 жылы 29 миллион теңге қарастырылса, биыл 35 миллион теңгеге жеткізіпті.

«Шамамен 350-ге жуық жарықпен безендірілген кронштейндер. Сондай-ақ, 14 жерге жарықпен безендірілген кіші сәулеттік пішіндер орнату және де 10 жерге көше үстіне жарықпен безендірілген керме тартпа орнату жұмыстары жүргізіледі», — деді Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Ерубай Құралбаев.

Бұл хабарландыру мемлекеттік сатып алулар байқауы туралы сайтта 9 желтоқсанда жарияланған. Жақында жеңімпаз анықталады. Айы оңынан туған компания талапқа сәйкес, биіктігі 2.5 жарымнан 8 метрге дейінгі металлдан жасалған жарықдиодты шағын сәулет формалары мен 18 метрлік жарықдиодты шыршаны әзірлеуі шарт.

«Бұл жұмыстар Тәуелсіздік күні мерекесінен кейін қолға алынып, жаңа жыл мерекесі қарсаңында іске асырылатын болады. Келер жылдың 14 қаңтарында демонтаждау жұмыстары атқарылатын болады», — деді Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Ерубай Құралбаев.

Дегенмен, ел үшін жасалып жатқан әкімдіктің бұл бастамасын халықтың бірі құптаса, кейбірі қарсылық танытуда. Себебі, ел әлі індетпен алысып жатқанда қаражатты шыршаға жұмсағанша, халық денсаулығын жақсартуға бағыттаған абзал еді дейді.

Осыдан бес жыл бұрын қала әкімі болған Ғабидолла Әбдірахимов жаңа жылдық безендіруге бөлінген қаражатты тұрмысы төмен отбасының балалары мен жетім-жесірлерге бөліп беріп, кішкентайларды қатты қуантқан еді. Сол уақытта барлығы 5 мың бүлдіршін әкімнен материалдық көмек алған. Ал, шырша мен безендіру кәсіпкерлердің есебінен жүргізілді. Биыл ондай мүмкіндік бола қоймас. Айтпақшы, шырша қаланың екі жеріне қойылады.