Шымкент әкімі Әбдірахымов қызметінен кетіп, орнына Айтаханов тағайындалды

0
43

Бүгін, 30 шілдеде Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында қаланың жаңа әкімі болып Ерлан Айтаханов тағайындалды. Жаңа әкімді облыс активімен Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев таныстырды.

Ерлан Айтаханов 1971 жылы Түркістан облысы Отырар ауданында туған. Шымкент қаласының әкімі қызметіне дейін Отырар ауданының әкімі болған.

Бұған дейін Шымкент қаласының әкімі болып жұмыс істеген Ғабидолла Әбдірахымовтың қызметінен не үшін кеткені белгісіз. Қала әкімі қызметіне 2015 жылы тағайындалған Әбдірахымов 2017 жылы «Нұр Отан» партиясының xатшысы қызметіне ауысқан еді. Бірақ биыл 20 маусымда Әбдірахымов Шымкент әкімі болып оралған.

Шымкент экс-әкімі жасаған бірнеше мәлімдеме әлеуметтік желілер мен БАҚ-та қызу талқыға түскен. Өткен аптада Лондоннан қазақстандықтарға сәлем жолдаған Әбдірахымов «Қазақстанда тұрып, жұмыс істеу керек, ал әлемді аралап, саяхаттау керек» деген. Арыстағы жарылыстан соң Шымкентке босқандар наразылыққа шыққанда көптің ортасында тұрған экс-әкім «Әйелдеріңе ие болыңдар» деп ашулана сөйлеген.

Ғабидолла Әбдірахымов ақпан айында берген жылдық есебінде көп балалы аналармен жеке кездесетінін айтқан. Бірақ ертеңіне үш жүзден аса анамен кездесуге келмей қойды. Кейіннен көп балалы аналар әкімдікке келіп әкімнің шығуын қанша талап етсе де, Әбдірахымов олармен кездесуге шықпады.

Оқи отырыңыз: Әбдірахымовтың Шымкенттегі бірінші әкімдік кезеңі

1975 жылы туған Әбдірахымов – «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде біліп алып келген шенеуніктің бірі.

Azattyq