Шымкент 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы болады
Шымкент әкімі алдағы уақытта қалада қандай өзгерістер болатынын айтып берді
НҰР-СҰЛТАН, 22 мамыр — Sputnik. Шымкент 2020 жылы Тәуелсіз мемлекеттер достастығының мәдени астанасы болады.
Шымкент келесі жылы ТМД-ның басты мәдени қаласы ретінде таңдалғаны туралы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Ашхабадта өткен ТМД елдерінің шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерінің XIV форумында хабарлады.
Тағы оқыңыз: Шымкент әкімі халықты неге әйелмен салыстыратынын айтты
Форумда қала басшысы «Шымкент – достықтың мәдени астанасы-2020» бағдарламасын таныстырған.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Әбдірахымовтың айтуынша, қала ірі алаңқайға айналып, жыл бойы әртүрлі кездесулер, мәдени бағдарламалар өткізіледі.
«Қала әуежайында жаңа жолаушылар терминалының құрылысы басталды. Жобаның құны – 50 миллион доллар. Әуежайдағы жолаушылар легі он есе артады. Сонымен қатар теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, онда жолаушылар ағыны тоғыз мың адамға дейін жетеді», — деп мәлімет берді Ғабидолла Әдірахымов.
Бұдан бөлек, Шымкентте үш мың орындық заманауи конгресс орталығы салынып, 20 мың орындық орталық стадион қайта жөндеуден өтеді.
Атап өтсек, 2017 жылы Сочиде ТМД елдері басшылары бас қосқанда «Достастықтың мәдени астаналары» мемлекетаралық бағдарламасы қабылданған еді. 2018 жылы ТМД-ның мәдени астанасы Арменияның Горис қаласы болды, ал биыл – белорустық Брест.
Сондай-ақ 2017 жылы Түркістан Түркі әлемінің мәдени астанасы атанды.
sputniknews.kz