Шығыс Қазақстан облысында жылыжайы мен гүл сататын дүкені бар балабақша жұмыс істейді

0

Арзан қияр — Ақжарда

Әуелі жылыжайдан бас­та­й­ық. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, балабақша аумағында бір емес, екі жылыжай бар. Алғашқы жылы­жай 2014 жылы БҰҰ жобасы арқылы ашылып, 2015 жылдың қыркүйегінде жұмы­сын бастапты. Екінші жылыжай ау­дан әкімдігінің қолдауымен, жер­гілікті бюджеттен қаржы бөлуімен 2016 жылы іске қосы­лып­ты. Қысы-жазы жұмыс іс­тейтін жылыжайларда қияр, қыз­анақ, баклажан, түрлі дәм­деуіштер (аскөк, сарымсақ) пен гүлдің бірнеше түрі өсіріледі. Балабақша бүл­­дір­­шін­дердің тамағына қажет жеміс-жидекті сырт­тан тасымай­ды. Бәрі өз­дерінде. 1964 жылдан бері жұ­мыс істеп келе жатқан «Балау­са-бал­ғын» балабақшасының мең­герушісі Алмагүл Құсайынова жылы­жай­лар­да қиярды жыл­ына үш маусым отыр­ғызып, өнім алуға мүмкіндік бар екенін айтады. «Үш мау­сымда бір жарым миллион тең­ге­ге дейін табыс табамыз. Мәселен, бір маусымда 600 кило шамасында қияр жинаймыз. Біздің жылыжайда өсірілген қиярды Ақжар­да­ғы мектептер мен мем­ле­кет­тік мекемелер сатып алады. Қара­­пайым халық та осында келеді. Себебі бізде баға төмен. Базардың бағасынан 100-150 теңге арзанға сатамыз. Базарда қыс мезгілінде қияр 1200 теңгеден сатылса, біз 900-ден сатамыз. Екіншіден, біздің қияр экология­­лық жағынан таза. Еш­қан­­дай қоспа жоқ. Базар­дағы қияр­дың жан-жақ­­тан әкелінгенін өздеріңіз де жақсы білесіздер», дейді тәжірибелі педагог.

Базар демекші, сол базарда қияр сат­а­­тын­­дардың өзі үйіне кер­­ек қияр­­­ды бала­­бақ­ша­дан ке­­ліп алады екен. Бала­бақ­шаны бақ­қа айналдырған ақжарлық ағайын­дардың бағ­бан­дығы облыстың өзге де аудандарын қызықтыра бастаған секілді. Жақында Тарбағатай ауданына іргелес Зайсан мен Марқакөлден іскер азаматтар келіп, тә­жір­и­­бе ал­масып, жылыжай жұмысымен танысып қайтты.  

Тарбағатайдағы жалғыз гүл дүкені

Балабақша аумағында былтыр ашылған гүл дүкені де жұмыс істейді. Тарбағатай ауданын­­дағы жал­ғыз гүл дүкені деуге болады. Ақжардың өз басы мен ауыл-ауылдарын бы­лай қойғанда, аудан орталығы – Ақсуаттан, тіпті іргедегі Көк­пек­ті ауданының тұр­ғын­дары да осы дүкеннен гүл сатып ала­ды екен. Өйткені мұн­да­ғы гүлдің бағасы да арзан. Мә­селен, қалада 7 тал раушан гүлін 3,5-4,5 мың тең­ге­­ге алсаңыз, Ақжардағы ең қым­бат деген гүл дестесі 1,5 мың теңгеден аспайды. Гүлдерді жазда балабақша ауласында өсірсе, қыста жылыжайларда, тұқымбақта баптайды. «Дүкенімізде гүлдің 100-ге жуық түрі бар. Тропикалық гүлдер де бар. Аулада гүлдің 70-80 түрі өседі. Әсіресе бөлме гүлдері мен рау­шан гүлі жақсы өтеді», дейді гүл дүкенінің қызметкері әрі сату­шы­сы Айгүл Хасенқызы. 

Балабақша аумағында гүл дүкенін ашу идеясын аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың өзі айтыпты. «Жылыжайды бір­шама меңгердіңдер. Енді гүлдер дүке­нін ашсақ қайтеді?» деген соң бірден іске кірісіп кеттік.  Гүлдер дүкенін балабақшаның  2014-2015 жылдары тапқан табысына салдырдық. Ішіндегі гүлдерін қоспағанда 1 млн 200 мың теңгедей шығын шықты. Қазір біздің өсірген гүлдерді аудандағы мекемелер, мектептер, Мәдениет үйлері сатып алып жатыр. Биыл ауданды толығымен гүлмен қамтамасыз еттік. Бұдан екі-үш жыл бұрын аудан әкімдігі гүлдерді тегін алып жүр­се, былтырдан бастап аудан әкімінің тапсырмасымен сатып алып жатыр. Біле білген адамға гүл өсіру дегеніңіз ғажап дүние. Біз­дің балабақшаның ересек топтарындағы бүлдіршіндер де гүлдерді түптеуге, баптауға, гүл көшет­терін көшіруге кө­мек­­те­седі. Баланы ерте бастан еңбек­ке баулу деген осы емес пе?», деген Алмагүл Шүрен­қызы жуықта көршілес Көкпек­ті ауданының мектептері мен балабақшаларының өкіл­де­рі Ақжардың гүл өсіру тә­жір­и­бе­сі­мен танысқанын жеткізді.

«Памперс» кимейтін бүлдіршіндер 

Әуелде таңғалдық. Бірақ рас екен. Балабақша мең­геру­шісі жіпте жайылып тұрған бөбек­тер­дің іш киімдерін көрсетіп: «Ақжардың бүлдір­шіндері «пам­пер­стің» не екенін білмейді. Бала­бақша қыз­мет­керлері ана­лары­н­ың қыз­мет­­терін атқарып, киім­дерін осы­лай жуып-шаяды, іліп қояды» деді сәл жымиып. 

Бүгінде балабақшадағы 10 топта 203 бүлдіршін тәрбие­ле­неді. Оның 46-сы 7 ай­дан 1 жарым жасқа дейінгі бал­ғындар. Қалғандары 2 жастан 6 жасқа дейін қабылданады. Балабақша мең­герушісі Алмагүл Шүрен­қызы сөз ара­сында қазір 9 айдан бір жарым жасқа дейінгі балаларды балабақшаға әкеліп, жұмысқа шығуға асығатын ата-аналардың көбейгенін айтып қалды.   Балабақша ішінде 12 үйірмесі бар инновациялық орталық жұмыс істейді. Мұнда талап­­ты балалар спортпен шұ­ғыл­­­данады, сурет салады, ән айтады, ағылшын тілін үй­ренеді. Ал балабақшада біраз жыл бұрын сол кездегі облыстық білім бас­­­­қар­масының бас­шы­сы бол­ған Ай­жан Садықованың ба­с­­та­­ма­сымен Өскемен­дегі «Дарын» орта­лы­ғының фи­л­иа­­лы ретінде ашыл­­­ған «Валео» орта­лығында Ақжар­­­дағы гим­на­зия­­ның мұғалім­­­­дері ауыл бала­ла­рына ағылшын тілін мең­геру­ге көмектеседі.   

Ақжардағы балабақшаны сөз еткенде осы тәрбие ошағында табан ау­дармай 38 жыл еңбек етіп, 36 жыл­дан бері басқарып келе жат­қан Тар­­ба­ғатай ауда­н­ы­­ның құ­р­­мет­ті азаматы, Елбасы Жарлығы­мен «Ерен ең­­бегі үшін» медалімен марапат­­талған Алмагүл Құсайынова­ның жан­қияр­лық ең­­бегін айтпасқа болмайды. Жанқиярлық деп отыр­ға­ны­­мыз, елдің жағдайы қиын­даған тәуелсіздіктің елең-алаң шағында аудандар тарап, бір-біріне қосылғанда Алмагүл Шүренқызының Ақжардағы иесіз қалған бала­бақ­­шаны сақтау үшін амал­­­­сыздан цех ашып, жүн қабыл­дап, көрпе-жас­тық тіккені, дәмхана, қонақ­үй ашып, тәрбие ошағын 2010 жыл­ға дейін өз күшімен, қайрат-жігері­мен ұстап, бірнеше адамды жұмыс­пен қамтығаны жан­қияр­лық емей немене? «Сол кез­де көп кісі жұ­мыс­тан кет­ті. Бала­бақшада 7-ақ адам қал­дық. Өмір сүру керек болды. Бала­бақшаны сақтау керек бол­ды. Бәрін істедік. Жүнді қабыл­дап, оны қолмен жудық. 100-ге жуық инку­ба­тор тауығын әкеп, мамығын пайда­ландық. Әупірімдеп жүріп 60 баланы қабылдадық. Өзімізді-өзіміз асырап, 32 адамды жұмыспен қамтыдық. 2010 жылдан бері мемлекеттік тапсырыс алып, әуелде – 2, кейін 4 топ ашып, қазір олардың санын 10-ға жеткіздік. Ұжымда ұзын саны 62 адам еңбек етеді», дейді ұлағатты ұстаз.

«Адамның бір қызығы бала деген» деп ұлы Абай айтқандай, жан-дүниесі ақ парақтай таза бүлдіршіндермен жұмыс істеу, бұрынғы бекзат болмысты ата-бабаларымыздай табиғатқа етене болып, табиғат­пен үндесіп, гүлдерді бап­­тау, жеміс-жидек өсіру адамға кенеусіз күш-қуат бере­тіндей ме, қалай? Жұмыстан шаршамайтын, еңбек­тен ләззат алатын Алмагүл Шүрен­қызы­ның ендігі арманы – құс фабрикасын ашу. Ақжар ауылы­нан 3 шақырым жердегі Жаңатілеу ауылынан екі гектар жер алып, бұл іске білек сыбана кірісіп те кетіпті. «Айтпас­қа болмайды, бұл идеяны айт­қан да аудан бас­шысы Ділдәбек Тәжібайұлы. Ол бізге: «Сенімгерлік бала­бақ­­шаға көшіңдер. Мем­ле­кет­­тік тап­сырыс­пен жұмыс іс­теп, қосымша жер алыңдар, құс фаб­­­рикасын салыңдар, балаларды сүтпен қамту үшін мал ұс­таңдар» деген еді. Жаңағы алған екі гектар жерімізге бау-бақша өнімдерін отырғызып, картоп егіп, сол жерде құс фабрикасын ашсақ па деп отырмыз. Қаз асырасақ, түйеқұс өсірсек дейміз. Қазір жоба-жоспарымызды жасап, есебін түгел шығардық», дейді ол.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылы