Шығыс Қазақстан облысында жолда қалған адамдарды құтқарып жатыр

0

Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында ұйытқыған бораннан жолда қалған 400-ден астам адамның 312-сі құтқарылды. Бұл туралы ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің (ТЖК) баспасөз қызметі хабарлады. 21 қаңтар күні таңға дейін 312 адамның 28-і ауруханаға, 115-і мектеп пен колледжге, 60-ы Таскескен ауылы тұрғындарының үйлеріне, 70 адам кафеге уақытша орналастырылған. Қалған адамдар Үржар ауданындағы үйлеріне жеткен. Бораннан көліктері тығылып, жолда қалған басқа адамдар эвакуациядан бас тартқан.

Комитет ақпаратына қарағанда, Алматы — Өскемен жолында күртік қарда 230-дан астам көлік тұрып қалған. Жергілікті билік органдары оларға ыстық тамақ пен жанармай жеткізіп жатыр. Жолда қалған адамдар әзірге дәрігерлік көмекке жүгінбеген.

Қаңтардың 20-сы күні қатты бораннан Үржар ауданында Алматы-Өскемен бағытындағы жолдың 681-шақырымында көліктер қарға тығылып, кептеліп жүре алмай қалған. Сол күні түскі сағат 12-ден бастап бұл бағыт бойынша жол жабылған. Ал кеше сағат18.30-дан бастап Таскескен — Бақты жолының Таскескен ауылынан Қытаймен шекараға дейінгі аралығында жол жабылған.

Дереккөз: Азаттық