Шығыс Қазақстан облысында шахтада бір кенші көз жұмған
Шығыс Қазақстан облысы Орлов шахтасында кен қабаты құлап, бір жұмысшы қаза тапқан, бір жұмысшы жараланған. Бұл ақпаратты 13 шілдеде KAZ Minerals компаниясы хабарлады. Төтенше оқиға 13 шілдеде жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат үште болған.
Жараланған жұмысшы ауруханаға түскен. KAZ Minerals компаниясы оқиғаның себебі мен жай-жапсарын арнайы құрылған комиссия анықтайды деп оқиға жайлы толық ақпарат бермеді.
«Востокцветмет» кәсіпорнына тиесілі Орлов шахтасы Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданы Жезкент ауылында орналасқан. Мыс және өзге де металдар өндіретін шахта Қазақстандағы мыс өндіретін ірі компания KAZ Minerals-қа қарайды. Акциясының үштен бір бөлігі миллиардер Владимир Кимге тиесілі KAZ Minerals PLC компаниясы Шығыс Қазақстан облысындағы төрт кеніште (арасында Орлов, Бозшакөл, Қырғызстандағы Бозымчак та бар) пайдалы қазба өндіреді.
Өткен жылы желтоқсан айында Орлов шахтасында екі адам қаза тапқан.