Шығыс Қазақстан облысы «өз уақыт белдеуіне көшті»

0

Шығыс Қазақстандағы Катонқарағай ауданына қарасты 17 ауылдың тұрғындары өз уақыт белдеуіне көшіп, жаңа кесте бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, 2025 жылдың 5 қаңтарынан бастап Қатонқарағай ауданында бес күндік жұмыс аптасы енгізіліп, жұмыс уақыты сағат 08:00-ден 17:30-ға дейін жалғасады. Сағат 12:00-ден 13:30 түскі үзіліс уақыты болып белгіленді.

Қатонқарағай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлнәр Жақсылықова өткен жылдың соңында ауданға жұмыс тобы келіп, уақыт белдеуі мәселесін талқылағанын айтты. Тұрғындармен кездесу барысында пилоттық жобаны іске қосып, жұмыс күнін сағат 08:00-ден бастау туралы шешім қабылданды.

“Қатонқарағайда таң ерте атады, біз шығыстамыз, сағат бесте жарық болып тұрады. Ауылда адамдар да ерте тұрады. Сондықтан көпшілік бірден келісті. Аудан әкімінің өкімімен 5 қаңтардан бастап таңғы сегізден бастап жұмыс істейміз”, – деді Гүлнәр Жақсылықова.

Әкімдіктің мәліметінше, аудандағы 40 мекеменің барлығы жаңа жұмыс кестесіне көшті. Дегенмен көбіне бейімделудің де қажеті болмады. Өйткені мектептер, балабақшалар мен ауруханалар онсыз да таңғы сағат 08:00-ден бастап жұмыс істейтін көрінеді.

“Бұл өте ыңғайлы. Бұған дейін балаларды сағат 08:00-де апаратынбыз, сосын 09:00-де ғана жұмысқа кірісетінбіз. Ал қазір жұмысқа бара жатқанда баланы балабақшаға апарып, ертерек босап, үйге келіп, біраз шаруаны бітіріп үлгеруге болады. Бұл бізге қолайлы. Бұрынғы кестеге оралғымыз келмейді”, – дейді ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Жергілікті тұрғындардың бұл шешімін кәсіпкерлер де қолдаған.

“Біз туристік аймақпыз, көп адамдар азық-түлік дүкеніне таңнан келеді, ал біз ол кезде ашық боламыз. Бұл барлығына ыңғайлы”, – дейді кәсіп иелері.

Ресми мәліметтерге сенсек, пилоттық жоба Катонқарағай ауданының Қабырға, Белқарағай, Өрнек, Топқайың, Барлық, Коробиха және Ақсу, Өрел, Аршаты, Берел, Жамбыл, Қайыңды, Қызыл Жұлдыз, Аққайнар, Еңбек, Шыңғыстай, Жаңаүлгі ауылдарында енгізілді.