«Шығынды өтеп беруді талап етеміз»: Қазақстан Мақтааралдағы су тасқынына байланысты Өзбекстанға наразылық нотасын жіберді — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақстан Өзбекстанға Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы туралы толық ақпарат беруді талап етіп, ресми хат жолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі өзбек әріптестерінің атына Өзбекстанмен трансшекаралық суда тұрғызылған гидротехникалық құрылыстар бойынша толық ақпарат беру туралы ресми хат жолдады.

Халықаралық келісімдердің нормаларына сәйкес тараптар трансшекаралық өзендерде гидротехникалық құрылыстар салу туралы көрші елді хабардар етуге және онымен келісуге міндетті. Ал Сардоба су қоймасын Өзбекстан Қазақстанмен келіспей салған.

«Өзбекстанның сыртқы істер министрлігіне нота дайындап жатырмыз. Онда біздің арыз-талабымыз айтылады. Оған толық құқығымыз бар. Келтірілген көптеген шығынды өтеп беруді талап етеміз», — деді Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов.

Сонымен қатар, оның айтуынша, аталған су қоймасын қайтадан салмау талап етіледі.

«Себебі бұл нысан барлық халықаралық ережелерге қарама-қайшы бой көтерген», — деді Сергей Громов.

Айта кетейік, бөгеттің бұзылуы нәтижесінде 276 шаршы шақырым су астында қалды, оның 76 шаршы шақырымы Қазақстан аумағына тиесілі.

 

stan.kz