22 наурыз мейрамы: шығу тарихы, қалай тойланады, Наурыз көже
Наурыз – табиғаттың қайта түлеп, тіршілік атаулының жаңаратын кезі. Сан ғасырлық тарихы бар Ұлыстың ұлы күні Орта Азия халықтарының Жаңа жылы саналады.
22 наурыз мейрамының шығу тарихы
Наурыз мейрамын әлем халықтарының көпшілігі ертеден тойлап келеді. Кейбір деректерге сүйенсек, Наурыз мейрамы Орта Азия халықтары арасында бес мың жыл бойы аталып өтуде. Бұл мейрамды ежелгі гректер «патрих», тәжіктер «гүл гардон», «бәйшешек», хорезмдіктер «наусарджи», татарлар «нардуган», бурятттар «сагаан сара», армяндар «навасарди», чуваштар «норис ояхе» деп түрліше атаған. Әбу Райхан Бируни, Омар Найям және тағы басқа ғұламалардың еңбектерінен Ұлыстың ұлы күнін мерекелеуге қатысты мағлұматтарды көп кездестіруге болады.
Мәселен, парсы тілдес халықтар Наурыз мейрамын бірнеше күн тойлаған. Әр жерге от жағып, оған май құятын болған, жаңа өңген жеті дәнге қарап, болашақты болжаған. Наурыз жаңару, жаңғыру мерекесі болғандықтан, ескі-құсқы киімдерден арылып, ескірген шыны аяқты сындырған.
Наурыз сөзі парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Қазақ халқы Наурыз мейрамын күн мен түн теңесетін, жаңа жылдың басталар шағында тойлаған. Ұлыстың ұлы күнін «Армысың, Әз Наурыз» деп қарсы алған. 21 наурызда Жер иесі – Қыдыр ата ел-елді аралап, бақыт сыйлайды, бата береді деген наным-сенім бар.
Наурыз қазақ жерінде сан ғасырлардан бері тойланып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатса да, Кеңес үкіметі бұл мерекені «діни мейрам» деп танып, 1926 жылы ресми түрде тойлауға үзілді-кесілді тыйым салды. Көктемнің шуақты мейрамы салт-дәстүрді берік ұстанған қазақ отбасыларында ғана жасырын түрде аталып өтті. Осылайша қазақ жерінде 62 жыл бойы ұмыт болған Наурыз мейрамы 1988 жылы қайта жаңғырды.
Қазақстан президентінің жарлығымен елімізде Наурыз мейрамы 2010 жылдан бері үш күн тойланады. БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен 2010 жылы Наурыз халықаралық мейрам мәртебесіне ие болды. Ал 2016 жылы ЮНЕСКО 12 ел – Ауғанстан, Әзербайжан, Үндістан, Иран, Ирак, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан және Түркия атынан Наурызды адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізді.
Қазақстанның батысында Наурыз мерекесі 14 наурыздан басталады және «Амал» немесе «Көрісу» деп аталады. Халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен төс қағыстырып, құшақтасып амандасады. Жақсы тілектер айтып, жастар жағы үлкендерге сәлем бере барып, батасын алады. Көрісу мейрамы бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді.
Наурыз мейрамын қалай тойлайды?
«Наурызда Самарқанның көк тасы да жібиді» деген сөздің астарында үлкен мән жатыр. Наурыз тек күн мен түн теңесіп, тіршілік атаулыға жан бітетін мейрам емес. Бұл бірлік пен еңбектің, мейірімділік пен ізгіліктің, достық пен татулықтың мерекесі. Наурыз мейрамында бұрын ренжісіп жүргендер өкпе-ренішін ұмытып, татуласады, бір-біріне кешіріммен қарайды. Таң атысымен бір-бірінің үйіне кіріп, құтты болсын айтады, үйлерінің алдын, аулаларын кір-қоқыстан тазартып, ағаш отырғызады, гүл егеді. Әр жерде көкпар, қыз қуу, қазақ күресі секілді ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылады, ән шырқалады, би биленеді, қыз-жігіттер алтыбақан тебеді.
Ауыл ақсақалдары араздасып қалған бауырлас ел, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып табыстырған, жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Қараусыз қалған кембағал жандарды жақын туыстарының қарауына берген. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген.
Сонымен қатар, міндетті түрде Наурыз мейрамының дәстүрлі тағамы – Наурыз көже дайындалады. Наурыз көжеге ең кемі жеті түрлі дәм қосылады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышуды білдіреді.
sputniknews.kz