“Шыдау оңай емес”: Рүстем Жаныаманов пен жұбайы тұңғышының дертімен 5-6 жыл күрескенін айтты

0

Театр және кино актері Рүстем Жаныаманов пен жұбайы Жанаргүл бүгінгі таңда үш бала тәрбиелеп отыр. Жұлдызды жұп «Қызықты weekend» бағдарламасында тұңғышының дертімен күрескен кезін еске алды, деп жазады Kaz.nur.kz  сайты.

Бағдарлама мәліметінше, актер бірнеше жыл өнерден қол үзіп, отбасына көңіл бөлген.

«Амал жоқ, солай істеуге тура келді. Бірақ, біздің қолымыздан келді. Әуелі — Құдай. Сосын өзіміз де әрекет жасадық. Көп профессорға апардық. Көп адам жол сілтеді. Бар зейінді балаға бұрдық. Емделгеннен кейін ғана жұмысқа білек сыбана кірістік.

Баламыздың дертімен бірге күрестік. Оңай болған жоқ. Көп отбасы ажырасып кетеді екен. Жауапкершілікті әйеліне артып, әкесі ізім-ғайым жоғалады екен. Бұл таза сатқындық деп ойлаймын. Олай жасамау керек деп айтқым келеді. Қанша сынақ түссе де, өзің таңдаған адаммен өмірдің соңына дейін бірге болу керек. Біз сынған жоқпыз. Бір-бірімізге уәде бердік. Сол арқылы бір-бірімізге күш бердік. Осындай отбасылар болса, үміт үзбеңіздер. Соңына дейін күресіңіздер. Біз осы дертпен 5-6 жыл күрестік. Соңында біздің махаббатымыз, ауызбіршілігіміз жеңді», — деді актер.

Ал актриса Жанаргүл Жаныаманова ұлының дерті мұрыны қанаудан басталғанын айтты.

«Ешкімді айыптамаймыз. Оған шыдау да оңай емес. Басында мұрыны қанай бастады. Біз мән бермедік. Ондай уақытта тіпті балабақшаға беруге болмайды екен. Біз жұмыс бабымен жүріп, екі айдай балабақшаға бердік. Дерті одан сайын асқынып кетті. Қазір сол дертке алғыс айтамын. Өмірімізде көп нәрсе өзгерді. Ол бізге ұстаз болды. Бұрын ойламаған нәрсені ойлап, оқымаған дүниені ізденген рухани даму болды. Басында жас болдық. Ал қазір ересек адамдар секілді кез келген мәселені шешеміз.», — деді актриса.