Швейцария басылымы Путиннің 2015 және 2019 жылдары туған ұлдары туралы жазды

0
149
Фото infosmi.net сайтынан алынды

Швейцарияның SonntagsZeitung басылымы жексенбі күні Ресей президенті Владимир Путиннің 2015 және 2019 жылдары туған екі ұлы барын, біреуі Швейцарияда екенін жазды.

Басылымның жазуынша, екі ұлдың анасы Олимпиада чемпионы Алина Кабаева. Бұған дейін Батыс ақпарат құралдары оның Путинмен жақын қарым-қатынаста екенін жиі жазған. Швейцария басылымы Кабаеваны екі ретте де босандырған дәрігер сөзіне сүйеніп жазған. Басылым дәрігердің өтінішімен аты-жөнін атамаған, деп жазады kznews.kz сайты Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Газетке сұхбат берген дәрігердің өзі Ресейде туған. Жас кезінде Путинмен таныс болған, бірақ кейін Швейцарияға көшіп кеткен. Дереккөздің айтуынша, 2015 жылы баланың туғанын құпия сақтау үшін Швейцарияның Лугано қаласы таңдалған. Бірақ сонда да Кабаеваның ұл туғанын сол кезде бірқатар ақпарат құралдары жазған. Сол кезде баланың әкесі Путин болуы мүмкін екені жайлы болжамдар тараған. Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сол кезде ақпаратты терістеген.

Ақпаратқа қарағанда, Алина Кабаева төрт жылдан кейін тағы босанған. Құпия дереккөздің айтуынша, бұл жолы «президенттің шешімімен» Мәскеуде босанған. Кабаева екі жағдайда да аяғы ауыр кезде бірнеше рет Луганоға келген, бірақ жанында Путин болмаған. Жуырда Wall Street Journal басылымы Кабаеваның ұзақ уақыттан бері Швейцариядағы зәулім сарайда тұрып жатқанын жазған.

Швейцария басылымы Кабаева немесе Путиннің өкілдерінен түсініктеме ала алмады.

Осы аптада The Wall Street Journal басылымы құпия дереккөзге сүйене отырып, АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің жуырда Кабаеваға қарсы санкция салудан бас тартқанын жазды. Америкалық шенеуніктер егер Кабаеваға санкция салынса, Путинді ашуландырып алуымыз мүмкін және Ресеймен қарым-қатынас онан сайын ушығып кетуі мүмкін деп қауіптенген.