Швед ғалымы карантин жарияламай-ақ адам өмірін сақтаудың әдісін айтты

0

Еуропада қолданылып жатқан коронавирустан қорғанудың жабық үлгісі оның қоғамға таралуын баяулатады деп күтілген. Бірақ профессордың айтуынша, нәтиже онша тиімді емес

НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Швед ғалымы ұсынып отырған мұндай стратегия ауруды қоғам арасында тезірек таратады деген ойға жетелейді. Алайда алдын-ала есептеулерге сүйенсек, болашақта оның бұл әдісі көп адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мұндай тұжырымды Линчепинг университетінің клиникалық және биомедициналық зерттеулер кафедрасының бас дәрігері, профессор Йонни Людвигссон жасады. Ал ғалымның мұндай пікірі шведтік Dagens Nyheter басылымы мен inosmi.ru сайтында жарияланды.

Қоғам өмірін еуропалық үлгіде ұзақ уақыт тоқтату экономикалық дағдарыс пен жаппай жұмыссыздыққа әкеледі. Оның соңы қоғамдық денсаулықтың нашарлауы мен психикалық дерттің қозуына, өлім-жітімнің көбеюіне соқтырады. Сол сияқты жүрек-қан тамырлары ауруы мен рак сияқты түрлі сырқаттар да өрши түседі.

«Біздің есептеуіміз бойынша қоғамды тоқтатып қоятын еуропалық модель алдағы жылдары өлімнің өсуіне сеп болатындығын көрсетті. Ал шведтік үлгідегі ашық қоғам адамдардың ұзағырақ өмір сүруіне мүмкіндік береді. Мұндай тоқтатудың экономикалық салдарынан бөлек, психоәлеуметтік әсері сапаға теріс ықпал ететінін біз әлі күнге дейін ескермедік», – дейді зерттеу авторы.

Осылайша, Людвигссон Швеция үкіметіне қоғамға қысым жасамауға кеңес беріп, одан әрі жабық шаралар қабылдамауға шақырады.

Оқи отырыңыз: Ғалым коронавирустан кейін не болатынын болжады

«Керісінше, қоғамды біртіндеп ашу керек. Оны ең алдымен жастар арасында жүргізіп, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру қажет. Әйтпесе, қоғамның көп бөлігін вакцинациялап болғанша індет өршіп кетеді. Бұл шара бір-екі жыл уақытты алуы мүмкін. Ал біз, 70 жастан асқан адамдар келісімге келуіміз керек. Яғни, денсаулық сақтау жүйесіне ауыртпалық түсірмеу үшін оқшауланғанымыз жөн. Қауіпті санатқа жатпайтын адамдар қалыпты өмірге оралып, бизнесті банкроттықтан және қоғамды жаппай жұмыссыздықтан сақтауы тиіс», – деп жазады ғалым өз мақаласында.



sputniknews.kz