«Шудың бойында» әнін Малаховтың шоуында орындаған Ахан Отыншиев ресейліктерді тәнті етті
Қазақ әншісі Ахан Отыншиев Андрей Малаховтың «Привет, Андрей» деп аталатын танымал шоуына қатысып, «Шудың бойында» әнін орындап, ресейліктерді билетті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ресейлік танымал шоулардың біріне халықтың көңілінен шыққан, көптің сүйіктісіне айналған әндер талқыға салынды. Аталған әндерді орындайтын орындаушылар арнайы шақырылып, олармен сұхбат жасалды. Солардың қатарында «Шудың бойында» деп аталатын әнімен ТМД жұртына танылған Ахан Отыншиев те қатысқан. Бағдарлама жүргізушісі Андрей Малахов Отыншиевтің жеке өміріне, өмірбаянына тоқталып, әннің тарихы туралы сұрақтар қойды.
Аханның айтуынша, ән соғыстың кесірінен бір-бірімен қосыла алмай қалған ғашықтар туралы. Олар Шу өзенінің бойынша кездесуге уағдаласқанымен, қосыла алмай, өкініште кеткен екен. Одан бөлек, сұхбат кезінде Отыншиев өзінің қой баққан кездерін есіне алып, шоу қонақтарын күлкіге қарық қылды. «Оқыған жоқпын. Ауылда өстім, мал бақтым. Әкеме әнші боламын дегенде «жасың 25-те, қайдағы әншілік? Қой бағасың деді. 300 қой беріп, оны 400-500-ге көбейт, адам боласың» деді. Қой бақтым, бірақ сөйтіп жүріп олардың қайда жоқ болып кеткенін білмеймін. Ән айтып кеттім», — деді ол. Аханның айтуынша, ол өз әнінің Ресейде де танымал екенін білмеген. Студияда «Шудың бойында» әнін орындаған Ахан Отыншиевке жиналған жұрт сүйсініп, әнді ұнатып қалғандарын жеткізді.