ШҚО Тарбағатай ауданында үш жігіт ауылды интернетпен қамтып отыр

0

Жақында жұмыс сапарымен осы елді мекенге жол түсіп, үш жігіттің өзге жастарға үлгі боларлық игілікті ісін көзбен көрудің орайы келді. Қызылкесік ауылының әкімі Сайлау Қалиев сырты қораш ғимаратқа қарай жол бастағанда «жігіттердің ашқан орталығы расымен осында ма, әлде басқа жерде ме?» деген сауалдың іштей мазалағаны рас. Осы жерде екен. Ғимараттың сырты көзге сұрықсыздау көрінгенімен жігіттер өздері отырған бөлме ішін жарқыратып қойыпты. Сөзді «Цифрлы ауыл» жобасын қолға алған үш жігіттің бірі Өміржан Мұқышев бастап кетті. «Бұл жобаға кем дегенде үш адам қатысуы керек. Әлеуметтік жобаның мақсаты — жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту. Жобаның шартына сәйкес алты ай тегін қызмет көрсетеміз. Мектеп пен әкімдікке ауыл тұрғындарының барлығы бірдей кіре алмайды. Олардың өздерінің де жұмысы бар ғой. Біз мүмкіндігімізше ауыл тұрғындарының барлығын кіргізуге тырысамыз» деген ол жоба аясында 1 миллион теңгенің грантын ұтып, қазір үш жігіт ай сайын 40 пен 60 мың теңгенің аралығында стипендия алып отырғанын жеткізді. Жобаның бірінші траншына, яғни 470 мың теңгеге интернет қостырса, екінші траншына 2 компьютер мен принтер секілді құрылғыларды сатып алыпты.

Интернет орталығының жұмыс істегеніне 3 айдан асыпты. Үш жігіттің (Өміржан Мұқышев, Мақсат Ақанов, Мақсат Заманбеков) сөздерінен аңғарғанымыз, Қызылкесік тұрғындары «Цифрлы ауыл» жобасына дән риза секілді. Риза болмағанда қайтсін, әуресі көп құжат жұмыстарын аудан орталығына салпақтамай, осы жерде әп сәтте бітірсе. Хат дейсіз бе, фото дейсіз бе, видео дейсіз бе, компьютерге кіреді де, лезде жібере қояды. «Кейде ЦОН-ның (халыққа қызмет көрсету орталығы) да міндетін атқарып кетеміз. Электронды кілттері болса, қалаған құжаттарын шығарып береміз», — дейді іскер жігіттер. Іскер демекші, үшеуінің ендігі ойы – бұл жобаны тоқтатпай ары қарай жалғастыру. «Осы жерден кішігірім интернет клуб ашып қойсақ па деген ойымыз бар. Өйткені, ауылда жастар көп қой. Қазір біз осында жұмыссыз жүрген 10 замандасымызды компьютерлік сауаттылыққа үйретіп жатырмыз. Сонымен қатар ауылдағы мектептің 8 сыныпта оқитын 12 оқушысына аптасына үш рет тегін қосымша сабақтар жүргіздік. Олардың арасында «Майкрософт» бағдарламасы бойынша мәтін теру сайысын ұйымдастырдық. Енді білгенімізді 9 сынып оқушыларына үйретсек пе дейміз», — дейді Мақсат Заманбеков.

Жігіттер елді мекендегі мүмкіндігі шектеулі (топтағы) 8 азаматқа да жәрдем қолын созып, әлеуметтік бөлім қызметкерлерімен бірлесіп құжаттарын рәсімдеуге, жіберуге, алуға көмектесіп тұрады екен. «Біздің ауыл шалғайда орын тепкеннен кейін бе, интернет әлі жетпей жатыр. Қазір интернетсіз жұмыс бітпейтін болды ғой. Мына жастар қолымызды ұзартып отыр. Үшеуіне рахмет. Енді олар отырған ғимаратты жақсылап жөндеуден өткізіп берсе, керім болар еді», — дейді Өміржан Мұқышевтің әкесі Серік ағамыз. Бос тұрған бұрынғы АТС ғимаратын үш жігіттің пайдалануына беріп, қамқорлық танытқан кезінде байланыс саласында қызмет істеген осы кісі екен.

Тарбағатай аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Мират Мұқышев халықаралық қайта құру және даму банкі мен Білім және ғылым министрлігінің бірлескен «Zhas project» жобасына ауданнан 12 жоба ұсынылып, соның алтауы өтіп (екі жас өз еріктерімен бас тартыпты), қазір төртеуі жүзеге асырылып жатқанын айтады. Жігіттермен аз-кем әңгімелесіп, мән-жайды білген соң олар ашқан интернет орталығының қуатын, жылдамдығын тексеріп көрейін деп пароль сұрап, ғаламторға енгенім сол еді, лезде жап-жасыл болып уатсапқа хабарламалар түсе бастады. «Көп адам кірсе, интернеттің жылдамдығы азаяды. Әйтпесе жақсы ұстайды. Ауылдың тең жартысы паролімізді білетін шығар. Сыртта отырып-ақ интернетке кіре береді. Әсіресе, жастарға жақсы болды. Қазір, кешке жақын қаптайды», — дейді Өміржан.

Расында, күн де кешкіріп, аяз да күшейіп, жастар қаптаса қаптайтындай уақыт болған екен. Бұл да дұрыс шығар. Ауыл жастарында кешке басқа қандай жұмыс бар?! Ал біз Ақсуатқа қарай жол тарттық.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы,

Қызылкесік ауылы

Дереккөз: http://egemen.kz/