ШҚО-ға оңтүстік өңірлерден 608 отбасы көшіп келді

0

Еліміздің оңтүстік өңірлерінен Шығысқа қоныс аударған тұр­ғын­дардың мамандықтары − қазақ және ағылшын тілдері, денешынықтыру және еңбек пәндерінің мұғалімдері, психологтар, дәрігерлер, бухгалтер­лер, электромонтерлер, ветеринарлар. Қазіргі уақытта облысқа қазық бай­лаған 483 еңбекке жарамды адам­ның 364-і өздеріне жұмыс тапты. Жергілікті билік олардың арасындағы кәсіп ашуға ниетті азаматтарға ойларын іске асырулары үшін 100 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) кө­ле­міне дейін гранттар бөлуде. Грант­қа қолы жеткен облыстың жаңа тұр­ғын­дарының бірі пеш сатып алып, тандыр пісіруге кіріссе, екіншісі қо­нақ үй мен дәмхананы жалға алып, шаруасын дөңгелетуде. Мемлекет көшіп келушілерге қоныс аудару шығындары мен баспана сатып алулары үшін субсидия береді. Оларға арнайы тұрғын үйлер де салынуда. Мәселен, Шемонаиха ауданында өт­кен жылы көшіп келушілерге 60 пә­терлі тұрғын үй пайдалануға берілді. 2019 жылы «Серпін» бағдарламасы бойынша жергілікті оқу орындарын 208 студент тәмамдайды. Бағдарлама шартына сәйкес оқу орнын бітірген түлектер осы облыста үш жылдан кем емес мерзімде еңбек етуі тиіс. 

«Біз бұл мәселеге мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарауымыз қажет. Облыстың шалғайдағы шекаралық аудандарынан адамдар көшіп жатыр. Ол жаққа жұмыс күші керек. Ал оңтүстікте біздің жаққа көшіп келуге даяр отырған адамдар бар. Біз оларды өзімізге тартуымыз қажет. Мұның ешқандай саяси астары жоқ, қалыпты экономикалық, урбанизациялық үрдіс. Оңтүстік өңірлерде халық тығыз қо­ныс­танған. Инфрақұрылым нысандары – мектептер, балабақшалар же­тіспейді. Осы ретте теңгерімді қам­та­масыз ету үшін еңбек ресурс­тарын дұрыс бөле білу қажеттілігі туындайды», − дейді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова. 

Реті келгенде айта кетейік, Қа­зақ­станда еңбек күші артық өңір­лер қатарына Алматы, Жам­был, Түркістан, Маңғыстау, Қы­зыл­орда облыстары және Шым­кент қаласы кіреді. 

Азамат ҚАСЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/