ШҚО-дағы баланың жұмбақ ауруы: Бір жастағы сәби неге қаратайып бара жатыр? — Қазақстан жаңалықтары

0

Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Айнұр Мәкейқызы бір жастағы баласының терісі мерзімінен бұрын қартайып бара жатқанына алаңдайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «31 арнаға» сілтеме жасап.

Елордалық дәрігерлер балаға «Гетчинсон Гилфорд синдромы» деген диагноз қойған. Ал шығыстағы қаралған дәрігерлері бұны әлі де нақтылау қажет деген. Тоғыз айын баласымен бірге ауруханада өткізген әйел ұлының диагнозын дұрыс шығарып беруді сұрайды. 

Әділет қазір бір жаста, ол үш айынан бастап ауыра бастаған. Бүлдіршіннің туғаннан денесінде әжім байқала басатаған екен. Анасының  айтуынша, содан бері Шемонаиха ауданы мен Өскемен және Нұр-Сұлтан қалаларындағы ауруханалардың табалдырығын тоздырған. Айнұр ұлына дер кезінде диагноз қоя алмай, сандалтқан аудандық дәрігерлерді кінәлайды.

«Мен баламды толық тексерістен өткізейінші, өйткені денсаулығы келмейді дедім. Ол үнемі ауыра береді, пневмония, бронхит, жол көтере алмайды. Содан кейін, еріксіз Астанаға кеттім», — дейді Айнұр.

Елордалық дәрігерлер бас сүйектің төменгі бөлігі дұрыс дамымаған соң, беттің формасы бұзылған деп отыр. 

«Гетчинсон Гилфорд синдромы» деген диагноз қойған, бұл ағзаның мезгілінен бұрын қартаюы. Ақ халаттылардың баланың оң жақ бүйрегіне қатысты қиындық бар екенін де айтқан. Ал, анасы жергілікті дәрігерлер дер кезінде квота берумен мүгедектікті рәсімдеуге неге кедергі келтірді деп ренжиді.

«Біздің Шемонаиха аудандық ауруханасының дәрігерлері тарапынан квота алуға немесе мүгедектігін рәсімдеуге байланысты ешқандай кедергі болған жоқ. Тиісті ем-шарасын жүргізді, тек баланың диагнозы толық анықталғанға дейін көп тексерілу қажет болды», -дейді Шемонаиха аудандық ауруханасының бөлім меңгерушісі Динара Мәдібекова.

Қазір сәбидің мұрнынан қан тоқтамаған соң, Өскемендегі «Ана мен бала орталығында» емделіп жатыр. Осылайша баласы жиі ауыратын Айнұр оның ертеңі қалай болатынын білмейді. Ерте қартаю ауруына шалдықты дегенге тіпті сенгісі келмейді, сондықтан да ақпан айының басында тағы да анализ тапсыртқан. Тек дәрігерлер сол сараптаманың қорытындысын дұрыс шығарып берсе екен деп сұрайды.  

 

stan.kz