ШҚО-дағы ауылда алтын кен фабрикасының салынуына қатысты дау ушыға түсті

0

ШҚО Күршім ауданында алтын кен фабрикасының салынуына қатысты дау әлі де басылар емес. Тұрғындар ауылда заңсыз алтын қазушылар әрекет ететінін айтып, ел президентіне петиция жазған, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Тұрғындардың айтуынша, бүгінде Маралды ауылында алтын кен фабрикасының салынуына жергілікті заңсыз алтын қазушылар қарсы шыққан. Үндеухат мәтініне сәйкес, бүгінде жергілікті халық жеке кәсіпкер мен заңсыз әрекет етушілердің өзара текетіресінің құрбанына айналған. Соның салдарынан ауылдың жағдайы да жақсармай келеді, делінген үндеу хатта. «Бұған дейін мұнда алтынды заңсыз қазушылар әрекет еткені ешкімге жасырын емес. Біздің аудан дамымай қалды, ауыл тұрғындарында жұмыс болмады. Алайда аймаққа халықтың жағдайының жақсаруын қамтамасыз ете алатын алтын өндіретін компания келгенде мүдделі топтар оның қызметіне қарсы шыға бастады», — делінген үндеухатта. Сонымен бірге үндеуде ауданда алтын өндіретін компанияның салынуы халықты жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні айтылған. «Жұмыс жоспарына сәйкес компания фабрика құрылысын жүзеге асыру барысында 220 жұмыс орнын ашу міндетін өз мойнына алған болатын, ал іске қосылғаннан кейін тағы 110 жұмыс орнын ұсыну жоспарда бар екен. Алдағы бес жылға дейін келісімшарт бойынша бюджетке 144 млн теңге түсім түсуі керек. Сонымен бірге, компания қызметінен түскен қаражатты ауданымыздың әлеуметтік инфрақұрылымына жұмсау туралы міндеттемені мойнына алып отыр», — дейді петиция жазғандар. Еске салсақ, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының тұрғындары Маралдыда алтын өндіретін фабриканың салынуына қарсы шыққан болатын. Олардың айтуынша, қазба байлыққа құныққандар заңды белден басып, табиғатқа залал келтірген. Одан бөлек тұрғындар фабрика құрылысы Маралды ауылындағы жайылымның тарылуына себеп болғанын да алға тартқан. Жергілікті халық алтын өндіретін фабрика салынса, мөлдіреп ағып жатқан Күршім өзені де жарамсыз күйге түсе ме деп алаңдаушылық білдірген. «Мына жер алтын қазатын жер емес, бұл — туризмді дамытатын жер. Біздің жерімізде, мына өзенде таза балық өседі. «Қызыл кітаптағы» таймень, хариус бар», — деген болатын тұрғындардың бірі.