ШҚО-да тасжолда 312 адам эвакуацияланып, 200-ден аса көлік жолда қалып қойды — Ел жаңалықтары

0

Алматы-Өскемен тасжолында 300-ден аса адам эвакуацияланды. Онда әлі бірнеше адам қар құрсауында қалып отыр, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сағат 6.00-дегі жағдай бойынша 312 адам эвакуацияланды. Олардың 28-і — ауруханада, 40 адам — Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепке жеткізілді, 55 адам — Ақтамберді атындағы орта мектепте, 19 адам — колледжде, 60 адам — Таскескен ауылына, 70 адам «Әйгерім» кафесіне жеткізілсе, 40 адам Үржар ауылына жеткізілді.

Оқырмандар тасжолдарда апатты жағдайлардың болып жатқанын, бірақ құтқарушылардың жоқ екенін айтып жатыр.

ҚР ІІМ ТЖК өкілдерінің мәліметінше, шұғыл желідегілер видеодағы ер адаммен байланысқа шықты. Комитеттегілер құтқарушылардың болмау себебін олардың да кептеліске тұрып, қар құрсауында қалып қалуымен түсіндірді. Сондықтан жолаушыларға жету үшін біраз уақыт кеткен.

«Қар құрсауында қалып қойғандар  эвакуациядан бас тартты. Оқиға орнында 231 көлік тұр. Жергілікті атқарушы органдар тамақпен және көлік құралдарын жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етіп жатыр. Ешкім медициналық көмекке жүгінген жоқ. Жолдар тазартылып жатыр», — деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі. 

Мұның алдында Алматы-Өскемен тасжолында ондаған көліктің қар құрсауында қалып қойғаны хабарланған еді. Желдің екпіні секундына 15-25 метрге жетіп, көру мүмкіншілігінің нашарлап, Ауа райының қолайсыздығына байланысты Алматы-Өскемен республикалық деңгейдегі автомобиль жолында 20 қаңтардың сағат 12.00-інен бастап Аягөз Алматы облысы шекарасы жол бөлігі жабылды.

Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz